Үкімет қаулысы жобасында "орыс тілі бойынша халықаралық ұйым құру жөніндегі келісімді бекіту туралы" заң жобасы парламент мәжілісі қарауына енгізілсін деп жазылған.
Жобаны талқылау 11 маусым күні кешке аяқталды.
Жоба қазақ және орыс тілінде жарияланған, алайда ғылым және жоғары білім министрлігі жобаның орысша нұсқасы "техникалық себептерге байланысты" көрінбей тұр деді.
Орыс тілі бойынша халықаралық ұйым құру туралы келісімге ТМД-ға мүше мемлекет басшылары былтыр 13 қазанда Бішкектегі кездесуде қол қойды.
2022 жылы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев орыс тілін қолдау және дамыту бойынша халықаралық ұйым құру идеясын ұсынған. Ресей президенті Владимир Путин Тоқаевтың идеясы "алдын ала дайындалған нәрсе емес" және "Ресей оны қолдамай тұра алмайды" деген.
Тоқаев 2023 жылғы Бішкектегі ТМД жетекшілері саммитінде орыс тілі бойынша халықаралық ұйым құру туралы келісімге қол қоюды "тарихи шешім" деп атаған.