CPJ ұйымының Еуропа және Орталық Азия жөніндегі өкілі Гүлноза Саидтың айтуынша, Орталық Азияда «демократия аралы» саналатын елде 11 журналиске түрме жазасын шығару «сын көтермейтін қате шешім болмақ».
«Temirov LIVE жобасының қазіргі және бұрынғы қызметкерлері қолдан ұйымдастырылған жалған айыптармен сотталса, Қырғызстан билігінің халықаралық беделіне орасан зор нұқсан келтіреді» дейді CPJ өкілі.
11 журналиске қатысты сот 7 маусымда Бішкекті Ленин аудандық сотында басталды.
Temirov LIVE пен «Айт, Айт десе» жобаларының журналистері биыл қаңтардың ортасында ұсталған. ІІМ олардың бәріне «биліктің заңды талаптарын орындаудан бас тартты», «жаппай тәртіпсіздікке шақырды» деген айыптар таққан.
Temirov LIVE жобасының негізін қалаушы Болот Теміров журналистерді қудалауды олардың кәсіби қызметімен байланыстырып отыр. Бұған қоса, журналистер ұсталған уақытта олардың бірқатары бұл жобада жұмыс істемеген.
Журналистер бірнеше ай бойы тергеу изоляторында отырды. Кейін сот олардың бірқатарын үйқамаққа ауыстырды. Алайда Ақтілек Қапаров, Айке Бейшекеева, Азамат Ишенбеков және Тәжібек қызы әлі де қамауда отыр.