Оған «сот шешімімен тыйым салынған қоғамдық немесе діни ұйым қызметіне қатысты және ұйымдастырды», «терроризм немесе экстремистік әрекетті қаржыландырды» деген айыптар тағылған. Белсендінің жақтастары айыптардың бәрін жалған деп, істің саяси астары барын айтып отыр.
«Айыптау актілеріне қарасақ, айыптардың бәрі банк аударымдары мен «ДВК» бағдарламаларына қатысты парақтарды таратуға негізделген. «Құпия куәгері» бары бүгін ғана мәлім болды» деп жазды Qaharman құқық қорғау бастамасы.
2018 жылы Астананың аудандық соты «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ДВК) қозғалысын «экстремистік ұйым» деп танып, Қазақстанда оның қызметіне тыйым салған. Тіркелмеген қозғалыстың негізін қалаушылардың бірі - шетелдегі оппозиционер Мұхтар Әблязов. Еуропарламент қабылдаған қарарларда осы қозғалыс бейбіт оппозицияға жатады.
Дүйсенбі күні сотқа төрағалық еткен судья Нұрсұлтан Қойшыбаев белсенді Асылбек Жамұратов ісін жабық сотта қарау жөнінде шешім шығарды. Соттың жабық өтуін прокурор С. Кеңесов сұраған. Прокурордың айтуынша, тергеу барысында куәгерлердің бірі «жеке басы мен отбасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді сұраған». Судья прокурор сұрауын қанағаттандырған.
Кейінгі бірнеше айда «саяси тұтқындар» тізіміне енген белсенділерге қатысты соттардың бірнешеуі жабық өтіп жатыр. Мамырда Қонаев қаласында журналист, белсенді Думан Мұхаммедкәрімнің соты жабық тәртіппен қайта жалғасты. Бұрынғы шенеунік Нұржан Әлтаевтың соты да жабық өткен. Былтыр қарашада сот оны он жылға соттады.