Еңбек миграциясы мәселелеріне арналған видеоконференцияда Рузиев Өзбекстанда құрылыс саласы қарқынды дамып келе жатқанын, ал нысандардың кейбірінде жалақы Ресейдегімен теңесіп қалғанын айтты.
«Қазір Өзбекстан құрылыс саласында өрлеуді бастан өткеріп жатыр. Сол себепті кейбір нысандарда айлық Ресейдегімен теңесіп қалды. Осындай жағдайда азаматтарымыздың Ресейге ағылуы бәсеңдейді» дейді Рузиев.
Әлішер Рузиевтің айтуынша, Өзбекстанда ірі құрылыс нысандарының кейбірінде құрылысшылар шамамен айына 500-600 доллар табады. «Сондықтан осындай жалақы үшін Ресейге бару тиімсіз» дейді ол.
Маусым айының басында Өзбекстан президентінің баспасөз хатшысы Шерзод Асадов кейінгі сегіз жылда Ресейдегі өзбек мигранттары 4-6 миллионнан 1 миллионға дейін азайғанын мәлімдеген. Мамырдың аяғында Өзбекстанда болған Ресей президенті Владимир Путин де соны айтқан.
10 мамырда президент Шавкат Мирзияев төрағалығымен өткен жиналыста 2024 жылғы қаңтар-наурыз айларында 58 мың, ал сәуірде 57 мың адам еңбек миграциясынан оралғаны айтылған. Жыл аяғына дейін Өзбекстанға 250-300 мың адам мигрант қайтып оралады деп болжанды.