Ссылки доступа

Әлішер Усманов неміс банкін сотқа берді


Миллиардер Әлішер Усманов UBS Europe SE (бұрынғы UBS Deutschland AG) банкіне қарсы Франкфурт сотына шағым түсірді. Арызға кәсіпкердің күдікті қаржы операциялары туралы банктің «негізсіз ескертулері» себеп болған.

Бұл туралы "Коммерсант" басылымы кәсіпкердің адвокаты Штефани Рабенаудың мәліметіне сүйене отырып хабарлады.

Қорғаушының айтуынша, 2018-2022 жылдар аралығында банк Греманияның қаржы биліктеріне Усманов жүргізген делінетін күдікті қаржы операциялары туралы «негізсіз хабарламалар» жолдап келген. Солардың негізінде миллиардерге қарсы «саяси астары бар тергеу басталған».

«Әзірге банк күдігін дәлелдейтін ешқандай айғақ көрсетпеді» дейді Усмановтың адвокаты.

Осының алдында ғана Гамбург соты Tegernseer Stimme газетіне Әлішер Усмановтың Баварияда вилласы бар деген мәлімет таратуға тыйым салған. Миллиардердің адвокаттары газетті 2017 жылы жарияланған мақаласы үшін сотқа берген.

2024 жылғы қаңтарда Гамбург соты Әлішер Усмановтың америкалық Forbes журналына қарсы шағымын қанағаттандырған. Басылым кәсіпкерді Ресей президенті Владимир Путиннің «атынан әрекет ететін тұлға» деп сипаттаған.

2023 жылғы тамызда Әлішер Усманов австриялық Kurier газетін сотта жеңген. Газетті сотқа беруге кәсіпкер Владимир Путиннің «сүйікті олигархы мәртебесін пайдаланып жүр» деген сипаттама түрткі болған.

XS
SM
MD
LG