Ссылки доступа

Украинада ауыр жарақат алған Садықовтың әйелі қазақ билігін кінәлайды


Оппозициялық белсенді, журналист Айдос Садықовтың әйелі Наталья күйеуінің жағдайы туралы айтты.

"Айдосқа ота жасалды. Екі жарым сағатқа созылды. Ол қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы өте ауыр. Оқ шекесіне тиген, өкінішке қарай миын зақымдаған", - деді ол Азаттыққа.

"Бір жағынан ол кеше бірден өлмеді. Демек Жаратқанның жоспары бар. Біз оның өмірі үшін күнде дұға етіп, Жаратқаннан сауығып, өмір сүреді деп тілеп отырмыз", - деді Садықова.

18 маусымда Украина астанасы Киевте белгісіз біреу қазақстандық оппозициялық белсенді, Youtube желісіндегі "Бәсе" каналының авторы Айдос Садықовты үйінің маңында көлігінде отырған кезде атып кеткен. Айдостың қасында болған әйелі Наталья Садықова зардап шекпеген. Украина бас прокуратурасы Қазақстан азаматына "қасақана өлтіру мақсатында қастандық жасау" фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалын бастағанын мәлімдеген.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли Наталья Садықованың "Бәсе" арнасы Тоқаев үшін көзге шыққан сүйелдей болды" деген сөзіне қатысты Tengrinews.kz сайтына пікір білдірді.

"Қайдағы сүйел? Мемлекет басшысы бұл интернет ресурсты қарамайды, тіпті оған ешқашан қызығушылық танытқан да емес. Қазақстанда әртүрлі бағытта ондаған, тіпті жүздеген мұндай арна, сайттар жұмыс істейді. Бәрі өз қызметтерін атқарып жатыр. Ал аталған арнаның ешқашан еліміздің ішкі ақпараттық мәселелеріне айтарлықтай әсері болған жоқ. Оған қоса, көп адам ондай ақпарат көзінің бар екенін Киевте болған оқыс оқиғадан кейін ғана білді" дейді Тоқаевтың баспасөз хатшысы.

Киевте қастандыққа ұшырап, қазір ауруханада жатқан Айдос Садықов пен оның әйелі Наталья Садықова ашқан "Бәсе" Youtube-арнасы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев пен қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың билігін ашық сынайтын видеолар жариялайды. Арнаға бір миллионнан аса адам жазылған. Видеолары мыңдап, миллиондап қаралым жинайды. Садықовтар бұл каналды өздері босқын мәртебесін алған Украинадан жүргізеді.

XS
SM
MD
LG