Зиярат етуге барғандар арасында өлімнің көбеюіне ауа температурасының көлеңкеде +50 градустан асуы себеп болған.
Арафат тауына шығу, Қағбаны айналу рәсімдері кезінде мұсылмандар ашық аспанда бас киімсіз жүреді. Соның салдарынан мыңдаған адамның басынан күн өтіп, ауруханаға түсіп жатыр.
Сауд Арабиясы денсаулық сақтау министрлігі зиярат етушілерге күн астында көп тұрмауға, көбірек су ішуге, шыжыған ыстықта үйден шықпауға кеңес берді.
Араб дипломатының AFP агенттігіне хабарлауынша, қайтыс болғандардың дені Египеттен келген – кем дегенде 600 адам. Ыстықтан зардап шеккендер арасында Тунис, Иордания, Иран, Сенегал, Индонезия және басқа да елдердің азаматтары бар.
Биыл Меккеге әлемнің әр түкпірінен 1 800 000-нан астам адам жиналды.
Сауд Арабиясында күннің қатты ысуы климаттың өзгеруіне байланысты. Сарапшылардың мәліметінше, Меккеде орташа температура әр он жылда 0,4 градусқа көтеріледі.