Төменгі палатаның баспасөз қызметінің хабарлауынша, мұндай заң жобасы «Өзбекстан тәуелсіздігі мен аумағының тұтастығын сақтау мақсатында» туындаған.
Құжатта шетел азаматын Өзбекстанға кіргізуге қандай жағдайда шектеу қойылатыны айтылған. Заң жобасына сәйкес, Өзбекстан тәуелсіздігі, қауіпсіздігі мен аумағының тұтастығына қайшы әрекет еткендер, үндеу тастағандар, араздық туғызуды көздеген шетел азаматтары мен азаматтығы жоқтар елге кіре алмайды. Дұшпан деп танылған шетел азаматтары бес жыл бойы Өзбекстанға жіберілмейді.
Заң жобасының төменгі палата талқылауына түскені шамамен екі апта бұрын мәлім болған. Сол кезде осы құжат Қазақстан, Әзербайжан, Ресей, Польша, Беларус, Қытай тәжірибесі негізінде дайындалғаны айтылған.
Әлеуметтік желілердің өзбек сегментінде осы заң жобасы сөз болды. Белсенділердің кейбірі осы құжат Ресейдің «шетел агенттері» туралы даулы заңына айналуы мүмкін деп қауіптенеді.
Заң жобасы әрі қарай сенатқа, сосын президентке қол қоюға жолданады. Жоғары палата мен мемлекет басшысы мақұлдап, ресми баспасөзде жарияланғаннан кейін ғана құжат заң күшіне енеді.