Заң жобасын талқылауға журналистер, халықаралық ұйымның өкілдері қатысты. Жұмыс тобы құжаттың алтыншы рет өзгеріске ұшырағанын айтты.
Ең бастысы заң жобасынан БАҚ және желі басылымдарын міндетті түрде мемлекеттік тіркеуден өту жөніндегі талап алынған. Құжатқа сәйкес, басылым өз қалауымен тіркеуден өтуіне болады. Жұмыс тобы ақпараттың дереккөзінің құпиялығын сақтау құқығын қалдырған. Бұдан бөлек БАҚ-ты тіркеу әділет министрлігі құзырында қалады.
Сонымен бірге БАҚ-тағы шетелдіктердің үлесі 50 пайыздан аспауы тиіс деген талап тек телеарналарға қатысты болмақ. Даулы тақырыптарға қатысты егер мәлімет ресми құжаттарда және мәлімдемелерде айтылса, мемлекеттік органдардың баспасөз қызметінен алынса, егер мәлімет жария түрде айтылса, тікелей эфирде берілсе, егер басқа ақпарат құралдарынан сөзбе сөз көшіріліп, сілтеме арқылы берілсе БАҚ жауапкершіліктен босатылады.
"БАҚ туралы" заң жобасының бірінші нұсқасын Қырғыз президенті әкімшілігі әзірлеген. Бұл заң жобасы медиа қауымдастық, заңгерлер тарапынан сынға қалған. Кейін президент Садыр Жапаров ескі нұсқаны Жогорку Кенештен қайтарып алып, қайта өндеуді тапсырған.