Кәсіпкер мәлімдемесін Forbes Kazakhstan журналы жариялады.
Әбілғазин грек аралын өрт шалғаны үшін «қатты өкінетінін» мәлімдеген. Оның айтуынша, кәсіпкер «Персефони I» яхтасын Грекия аралдарын аралау үшін 15-22 маусым аралығында жалға алған.
«Біз Грекиядан 22 маусымда кетеміз деп жоспарлағанбыз. Кетер алдында бізбен Грекия билігі органдарының өкілдері сөйлесті. Оларды маған немесе қонақтарыма ешқандай талап қоймады. Осылайша, біз сапарымызды жоспарға сай жалғастырдық» деп жазған Әбілғазин.
Кәсіпкер қонақтардың кейбірі 21 маусымда таңертең кетіп қалғанын айтқан, бірақ олардың аты-жөнін атамаған.
«Елге келген уақытта баспасөзде жазылған айыптарды оқып, әбден шошыдық. Мен қандай да бір заң бұзушылық болғанын үзілді-кесілді жоққа шығарамын» деп мәлімдеген Әбілғазин.
«Біз яхтада өрт қауіпсіздігі ережелерінің бәрін сақтадық. Мен де, қонақтарым да яхта экипажынан немесе үшінші бір адамдардан өрт тудыратын қандай да бір әрекет жасауын сұрамадық».
Әбілғазин аралдағы өртке қатысты тексеру жүргізіп жатқан грек билігіне көмектесуге әзір екенін мәлімдеген.
Бұған дейін Inside Story, OCCRP және Власть басылымдары қолына түскен құжатқа сүйеніп, "Персефония I" яхтасындағы қонақтар арасында Қазақстандағы ең ықпалды бизнесмендердің қатарына енген Данияр Әбілғазин, оның әйелі, Қазақстандағы ең ірі қайырымдылық қорларының бірінің жетекшісі Айдан Сүлейменова мен оның орынбасары, "Халық банк" басқармасының төрайымы Үміт Шаяхметова мен оның күйеуі, KMG International NV мұнай компаниясының бұрынғы топ-менеджері Бейімбет Шаяхметов пен олардың қызы болғанын жазды.
Грекияның ақпарат құралдары 21 маусымдағы орман өртіне Қазақстаннан барған туристердің жалға алған яхтадан отшашу атқаны себеп болды деп хабарлаған. Гидра аралында шамамен 300 мың шаршы метр аумақты өрт шарпыған.
Оқиғадан кейін яхтаның капитаны мен оның бірінші көмекшісі қамауға алынды. Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, бастапқыда ұсталған экипаждың қалған мүшелері кепілмен босатылған.