Түрме басшылығы 20 маусымда Жыланбаевты "қауіпсіздігі үшін" 20 маусымда тәртіптік изоляторға ауыстырған. Ал белсенді 21 маусымнан бастап аштық жариялаған. Мұны Азаттыққа колония басшысы Қанат Тұлақов айтты.
Жыланбаев бұған дейін адвокаты арқылы түрмедегі қоқан-лоқыға шағымданған. Белсенді "түрме қызметкерлері басқа сотталушыларды өзіне қарсы қойғанын" мәлімдеген. Түрменің жаңа басшысы Азаттыққа бұл жайтты ішінара растады. Тұлақов кеше, 30 маусымда Жыланбаевтан "мекеме қызметкерлерімен жайтқа бола" денсаулығын құртпауды, аштықты тоқтатуды сұраған. Бұған қоса, Тұлақов түрмеге жұмысқа жаңа келгенін, жағдаймен толық таныс емесін жеткізді.
Түрме башысы Жыланбаев өзі отырған камераның дымқыл екеніне шағымданып, басқа камераға ауыстыруды сұраған. Тұлақов оған түрмедегі кейбір камералардағы жағдай "тіпті нашар екенін" айтқан.
Түрме әкімшілігі Жыланбаев барлық құжатын прокуратураға бергенін мәлімдеді. Тұлақов Азаттықтың "Жыланбаевтың түрмеде өміріме қауіп төнді деген шағымына қатысты қызметтік тексеріс жүріп жатыр ма?" деген сауалына, "прокуратураға қайырылыңыздар" деп жауапсыз қалдырды.
Түрме басшылығы Марат Жыланбаевтың қазір тек су ішіп жатқанын, дәрігерлердің бақылауында екенін айтты.
Жыланбаевтың адвокаты Мейіржан Досқараев 26 маусымда Степногорскідегі №4 түрмеге барып, белсендімен кездескен. Қорғаушының сөзінше, басқа сотталушылар қоқаң-лоқы жасаған соң белсендіні 20 маусымда "Қауіпсіз орын" бағдарламасына сай тәртіптік изоляторға ауыстырған. Жыланбаев бұл шешімге қарсы болып, 21 маусымда аштық жариялауды бастаған
Қорғаушының сөзінше, Жыланбаев аштық ұстамай тұрғанда 68,4 келі болса, 25 маусымдағы салмағы 65,3 келі болған. Жыланбаев "өзін қауіпсіз орынға ауыстырмайынша және санэпидстанция келмейінше аштықты тоқтатпайтынын" мәлімдеген.
2023 жылы қарашада сот тіркелмеген "Алға, Қазақстан!" партиясының жетекшісі Марат Жыланбаевты "экстремистік ұйым ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айып бойынша 7 жыл түрмеге кескен. Жыланбаев бұл айыптың бәрін жоққа шығарып, істің "саяси астары бар" деп санайды.
Қазақстан билігі Жыланбаевтың шетелде тұратын оппозициялық саясаткер, ҚДТ қозғалысының лидері Мұхтар Әблязовпен байланысы бар деп санайды. Астана Әблязов құрған ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Еуропарламент ҚДТ қозғалысын "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атайды.