Ссылки доступа

HRW: Қарақалпақстан екі жылдан кейін де әділдік іздейді


Өзбекстан билігі Қарақалпақстанда екі жыл бұрын болған наразылықтан кейін де республиканың тәуелсіздігін аңсаушыларды қудалауды күшейтіп жатыр. Халықаралық Human Rights Watch адам құқықтарын қорғау ұйымы осылай деп хабарлады.

Ұйым 1 шілдеде жариялаған мәлімдемесінде Нөкістегі наразылықты күшпен басуға жауапты бір де бір шенеунік жазаланғанына назар аударды.

«Өзбекстан үкіметі екі жыл бұрын Қарақалпақстандағы наразылық кезінде қаза болғандардың құқықтарын қамтамасыз етпеді, енді басқа да қарақалпақ белсенділерін қудалау әлдеқайда күшейгенін көріп отырмыз» дейді Human Rights Watch ұйымының Еуропа және Орталық Азия жөніндегі директоры Хью Уильямсон.

HRW өкілінің пікірінше, Өзбекстанның әріптестері осы елдің жетекшілерін Қарақалпақстандағы, сонымен бірге шетелдегі белсенділерді қудалап жатқанын сынауы тиіс.

2022 жылғы маусымның басында Қарақалпақстан тұрғындары Нөкістің орталық алаңында жаппай наразылық акциясын өткізді. Халық Ташкенттің Қарақалпақстанды Өзбекстан құрамындағы зайырлы республика мәртебесінен айыру жоспарына қарсы шықты. Үкімет наразылықты күшпен басты.

Биліктің хабарлауынша, Нөкіс оқиғасы кезінде 21 адам қаза болды. Ереуілге жауапты деп танылған 61 адам сотталды. Блогер, адвокат Дәулетмұрат Тәжімұратов 16 жылға бас бостандығынан айрылды.

XS
SM
MD
LG