Ресей президенті мінген ұшақ әуежайға таңғы сағат бесте қонды, деп жазды «Ведомости». Владимир Путинді әуежайда Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов күтіп алды. Осы кездесуде түсірілген суреттер үкіметтің телеграм-арнасында жарияланды.
ТАСС және «Ведомости» мәліметінше, сапардың алғашқы күні екіжақты келіссөздер жоспарланған.
Сәрсенбі күні Путин «кем дегенде алты елдің» басшысымен кездеседі, деп хабарлады ТАСС. Олардың арасында Түркия президенті Реже Тайип Ердоған мен Қытай басшысы Си Цзиньпин бар.
ШЫҰ елдері басшыларының саммиті 4 шілдеде өтеді. Форум аяғында Астана декларациясы мен «басқа да бірлескен құжаттарға» қол қойылады.
2022 жылы Ресей Украина аумағына басып кіргелі бері Путин әлемнің көптеген еліне бара алмай қалды. Ол Батыс елдеріне аяқ баспады, соғыс барысында шетелге сапарын күрт азайтты.
Гаагадағы халықаралық қылмыстық сот Путинді ұстауға ордер шығарған. Соған қарамастан Ресей президенті Қазақстанға осымен екінші мәрте келіп отыр. Қазақстан билігі Гаага соты құжатының республикада күші жоқ деп мәлімдеген. Путин осының алдында Астанаға былтыр қарашада ресми сапармен келген. Ол биыл мамырда бесінші мәрте президент қызметіне кіріскеннен кейін алғаш рет Қазақстанға келіп отыр.
2 шілдеде Қытай төрағасы Си Цзиньпин мемлекеттік сапармен Астанаға келген. Оны әуежайда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев күтіп алған.
Ресми мәлімдемелерге қарағанда, Астанадағы саммитте Беларусь ШЫҰ-ның тоғызыншы мүшесі деп жарияланады. Қазір Шанхай ынтымақтастық ұйымына Қазақстан, Қытай, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Пәкістан, Үндістан және Иран кіреді.