Саммиттегі елеулі оқиғалардың бірі – Беларусьтің ШЫҰ ұйымына ресми түрде қабылдануы.
2015 жылы ұйымның Уфада өткен саммитінде Беларуське бақылаушы ел мәртебесі берілген.
Беларусь ресми түрде осы ұйымға қосылған соң, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер саны онға жетті. Екі ел бақылаушы, ал тағы 14 ел диалог құрудағы әріптес мәртебесіне ие.
Сарапшылардың бірқатары ШЫҰ-ның кеңеюін Пекин мен Мәскеудің осы блокты аймақ қауіпсіздігін қамтамасыз ету, батыс институттарына бәсекелес ретінде пайдалану ұмтылысы деп есептейді.
Астанадағы саммитке Қытай төрағасы мен Ресей президенті, сонымен бірге Орталық Азиядағы төрт республика – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан президенттері қатысып жатыр.
Саммитке жиналғандар арасында Түркия президенті Реджеп Ердоған, Иран президенті міндетін уақытша атқарушы Мохаммад Мохбер, Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф бар.
Мемлекет басшылары мен премьерлері Астанаға 3 шілдеде келді. Сәрсенбі күні саммит аясында екіжақты кездесулер өтті.