Ссылки доступа

АҚШ-та өзбекстандық оқушыны өлтірді деген күдікті ұсталды


АҚШ-та 15 жастағы өзбекстандық оқушыны атты деген күдікті ұсталды. 2023 жылдың маусым айында өзбекстандық Фаридун Мавлонов достарымен мектептен қайтып бара жатқанда, Бруклинде атып өлтірілген. Күдіктінің бір жылдан кейін ұсталғанын New York Post газеті жазды.

Мәліметке сәйкес, полиция 18 жастағы күдікті Леопольдо Неша Монтойяны өткен аптада Панамадағы туысқанының үйінен ұстаған.

"Ұлымды өлтірген адаммен бетпе-бет кездесіп қалсам, қылатын әрекетім үшін жауап бере алмаймын. Ол еркіндікте жүрсе, басқа адамдарды да өлтіреді. Баламды еш себепсіз өлтірді. Бұл өте ауыр", - деді Фаридун Мавлоновтың әкесі.

Марқұмды соңғы сапарға шығарып салу рәсіміне Нью-Йорк әкімі Эрик Адамс қатысқан.

Оқиға бір жыл бұрын болған. Мектеп оқушылары арасында жанжал шыққан. Олар сабақтан кейін кездесіп, жанжалды шешуге уәделескен. Бірақ арасында Фаридун Мавлонов болған топ белгіленген жерге жеткенде, екінші топтағы 17 жастағы жасөспірім тапаншамен оқ ата бастаған. Оқтың бірі Фаридунге тиген. Ол ауруханада өзіне келместен, көз жұмды.

The New York Times газетінің жазуынша, Фаридун Мавлоновтың отбасы 12 жыл бұрын Өзбекстаннан АҚШ-қа көшіп барған. Әкесі шаштараз болып жұмыс істейді. Қаза болған бала алты баланың бірі болған.

XS
SM
MD
LG