Аталған ведомствоның ресми өкілі Ирина Волктың айтынша, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап шетелде тұратын отандастарға өз еркімен қоныс аударуына жәрдемдесу бойынша мемлекеттік бағдарламаға өтініш беру үшін "тілдік ортада ауызша және жазбаша сөйлесе алатындай" дәрежеде орыс тілін білу қажет болған.
"Орыс тілін білмейтін 4 мыңнан астам адам Ресей азаматтығын ала алмады" деді ол.
Ресей білім министрлігінің мәліметінше, орыс тілінен емтихан тапсыра алмаған мигранттардың саны бес ай ішінде он есе көбейген.
Ресей ішкі істер министрлігінің мәліметінше, шетел азаматтары орыс тілінен емтихан тапсыратын пунктер саны желтоқсан айынан бері заңсыз фактілердің анықталуына байланысты бес есе азайған. Ішкі істер органдары орыс тілін білмейтін бес мыңға жуық адамның сертификатын қабылдаудан бас тартқан.
Ресейде мигранттар тапсыратын орыс тілі емтиханының шарттары 1 мамырдан бастап қатайтылды. Мұндай емтиханды әдетте жұмыс істеуге рұқсат немесе патент алғысы келетіндер, Ресейде уақытша тұруға рұқсат алғысы келетіндер тапсырады.
Жаңа ереже бойынша, енді тек мемлекеттік мекемелер ғана емтихан қабылдайды. Қазір емтихан өткізуге құқығы бар ұйымдар арасында 12 мемлекеттік оқу орны бар.