Ссылки доступа

Тәжікстанда филармонияның экс-директоры өзіне қылмыстық іс қозғалғанын теріске шығарды


Тәжікстанның Мемлекеттік филармониясының бұрынғы директоры Кароматулло Рахимзода өзіне қарсы қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынғаны жөніндегі ақпаратты теріске шығарды.

9 шілдеде "Паёми Душанбе" басылымы елдің Мемлекеттік қаржы бақылау және жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне сілтеме жасап, Кароматулло Рахимзода мен оның есепшісі 830 мың сомониді (78 мың доллардан астам) жымқырды деп айыпталып, қамауға алынғанын жазған. Бірақ артынша бұл ақпаратты өшіріп тастаған.

Озоди радиосы Рахимзоданың өзіне хабарласты. Ол өзіне қарсы қылмыстық іс қозғалғанын теріске шығарды. Алайда бұрынғы есепшіге іс қозғалғанын, ол келтірген шығынды төлеп бергенін жеткізді.

Әзірге Мемлекеттік қаржыны бақылау және жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі бұл бойынша еш пікір білдірмеді.

Тәжікстандағы белгілі әнші Ситора Кароматуллоның әкесі Кароматулло Рахимзода Мемлекеттік филармония директоры қызметін 2022-2023 жылдары атқарған. Ол мәдениет және өнер саласында көп жыл жұмыс істеп, Ұлттық консерваторияда сабақ берген. Тәжік мемлекеттік мәдениет және өнер институтында доцент, Музыкалық мектеп-интернатының директоры болған.

XS
SM
MD
LG