Жақанбаев осы құжатты Киевте жалға алған пәтер қожайынына көрсеткен. Бұл туралы марқұм Айдос Садықовтың жесірі, журналист Наталья Садықова жазды. Ол пәтер иесімен сөйлескен.
Жақанбаев Украинада бүркеншік атпен жүрген болуы мүмкін деген болжамды бірінші болып жазған «Республика» басылымының хабарлауынша, көлік жүргізуші куәлігі жалған болуы мүмкін, себебі құжаттарды тексеретін румын сайты оны «көрмей» тұр.
Басылым мәліметінше, Киев қаласындағы Гаврилишин көшесінде орналасқан үйдегі пәтерді Әзиз Ахметов есімді кісі брондаған.
10 жыл бұрын Украинаға көшіп, босқын мәртебесін алған журналист Айдос Садықов 2 маусымда қастандыққа ұшырап, 13 күннен кейін ауруханада көз жұмды.
Күдіктілер – қазақстандық Алтай Жақанбаев пен Мейрем Қаратаев. Украин тергеу қызметінің нұсқасынша, олар Украинаға Польша арқылы 2 маусымда келіп, Садықовты аңдып, қастандық жасауға дайындалған. Олар мұндай тапсырысты «әзірге белгісіз үшінші біреулерден» алған болуы мүмкін. Қазақстандықтар Украинадан Садықовқа қастандық жасалған күні Молдова арқылы шығып кеткен. Олар Кишиневтен Түркиядағы Антальяға ұшқан болуы керек.
Қазақстан бас прокуратурасы 21 маусымда Жақанбаев қазақ полициясына өз еркімен берілгенін хабарлады. Қаратаевтың қайда екені туралы мәлімет жоқ.
Астана ел азаматтарын өзге елге бермейтінін мәлімдеді. Украина Жақанбаев пен Қаратаевты сырттай ұстап, халықаралық іздеуге берді.
Қазақстан бас прокуратурасы тергеуге қатысты ешқандай мәлімет жарияламай отыр.
Айдос Садықовтың әйелі Наталья Садықова осы қылмыстың артында Астана тұр деп есептейді. Билік мұндай айыптауды жоққа шығарып отыр.
5 шілдеде Айдос Садықовты Киевте жерледі.