Ссылки доступа

Өзбекстанда бір ер кісі Ресей әскері сапында соғысқысы келгені үшін үш жылға сотталды


Қарақалпақстанның Әмудария аудандық соты Ресей армиясы сапында Украинаға қарсы соғысуды жоспарлап, бірақ әскери дайындықтан кейін елге қашып кеткен бір ер кісіні үш жылға соттады. Бұл туралы Gazeta.uz сот шешіміне сілтеме жасай отырып хабарлады.

Сот үкімі 24 маусымда шыққан, бірақ ол туралы қазір ғана мәлім болған.

Тергеу нұсқасына қарағанда, 2023 жылғы желтоқсанда 23 жастағы өзбек азаматы Ресейге жұмыс іздеп барған. Ол Мәскеуде түрлі құрылыс нысандарында жұмыс істеген, бірақ отбасын асырайтын табыс таппаған.

Күдікті ақпанда Ресей қарулы күштерімен келісім-шартқа отырған. Соған сәйкес, ол Украинадағы әскери қимылдарға қатысқаны үшін 195 мың рубль бір реттік төлем, сонымен бірге ай сайын 240 мың рубль алып тұруы тиіс болған.

Ол Ресей, Өзбекстан және Тәжікстанның 24 азаматымен бірге Мәскеу облысындағы «Авангард» әскери лагерінде дайындықтан өткен.

Алайда өзбек азаматы соғысқа бару ниетінен айнып қалған. Ол әкем ауырып жатыр деп сұранып, кейін өз республикасының дипломаттарының кеңесімен шұғыл түрде еліне ұшып кеткен.

Өзбекстан заңнамасына сәйкес, әскери лагерьден қашқан өзбек азаматы бес жылдан он жылға дейін сотталуы керек болған. Алайда сот оның бұрын сотталмағанын, кәмелет жасқа толмаған баласы барын ескерген. Осылайша сот оның еркіндігін үш жылға шектеді. Ол осы уақыт аралығында түнде үйден шықпауы, милицияның рұқсатынсыз тұрғылықты жерін өзгертпеуі тиіс.

Биыл мамырда Ахангаран қалалық соты тағы бір өзбек азаматы Шавкат Юлдашевті «Вагнер» сапында соғысқаны үшін 2,5 жылға соттаған.

XS
SM
MD
LG