Ссылки доступа

«Крокус» ісіндегі күдікті тергеу абақтысының қызметкерімен төбелесіп қалды


Далержон Мирзоев
Далержон Мирзоев

Ресей ақпарат құралдарының хабарлауынша, «Крокус Сити Холл» концерт залына шабуылдады деген күдікпен ұсталған тәжік азаматы Далержон Мирзоев «Лефортово» тергеу изоляторының бір қызметкерімен төбелесіп қалған.

«Жанжал дін мәселесінен туындаған. Мекеме қызметкері мұсылман Далержон Мирзоевтың камерасын тексеруге келіп, айыпталушымен сөйлескен. Күдікті діннің өзін қатты сынға алған. Екеуінің арасындағы жанжал төбелеске ұласқан» деп хабарлады БАҚ. Басылымдар Мирзоевтың радикал экстремист екеніне күмән келтірген.

Жанжал нақты қай күні болғаны белгісіз. «Московский комсомолец» басылымының хабарлауынша, осы оқиғадан кейін Мирзоевтың мекеме қызметкерлерімен байланысы мейлінше шектелген.

«Крокус» ісіндегі төрт негізгі күдіктінің тергеу изоляторындағы жағдайы туралы мәлімет жарияланды. Олар әртүрлі камерада отыр, бір-бірімен байланыс орнатуға тыйым салынған.

Ресейлік тергеушілер оларды «Ислам мемлекеті» террористік ұйымын жақтайды деп атаған. «Крокус» ісі бойынша ұсталған 20 адамның дені Тәжікстан азаматы. Құқық қорғаушылар оларды ұстағанда, тергегенде азапталған болуы керек деп топшылайды.

БАҚ мәліметінше, тергеу амалдары жақын уақытта аяқталуы тиіс, содан кейін іс материалдарын тараптарға таратады, ал тамызда сотқа өтеді.

«Крокус Сити Холл» концерт залына шабуыл 2024 жылғы 22 наурызда жасалды. Тергеу комитетінің мәліметінше, шабуылдан 144 адам қаза болды.

XS
SM
MD
LG