Ақпаратқа қарағанда, Тұрсынов Ресейге 17 шілдеде оралған. Бұл күні Ресей мен Украина "95-ке 95" форматында тұтқын алмасқан. Орыс әскерлерін іздеу және үйіне қайтарумен айналысатын "Наш выход" қоғамдық қозғалысы жариялаған тұтқыннан босатылған орыс әскерлерінің тізімінде Әлішер Тұрсынов бар.
Украинада тұтқынға түсіп қалған 57 жастағы Тұрсыновтың видеосы биыл мамырда әлеуметтік желіде жарияланған. Онда ол Қырғызстан азаматы екенін, Ошта туып-өскенін айтқан.
Тұрсынов Рязань қаласында тұратын ұлына барғанда, полиция қызметкерлері ұстап әкеткенін айтқан. Оны ол жақта әскери келісімге қол қоюға мәжбүрлеп, ақша, паспорт, әскери билет беруге уәде берген. Ол көзі жақсы көрмейтіндіктен, келісімде не жазылғанын оқи алмағанын білдірген. Ол қағазға қол қойғаннан кейін, жаттығу алаңына алып кеткен. Тұрсынов соғысқа өз қалауымен бармағанын айтып, қырғыз билігінен көмек сұраған.
Қырғызстанда өзге елдегі соғысқа қатысқан азаматтарына қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.