Ссылки доступа

Қырғызстан жарты жылда табиғат апаттарынан 22,5 млн доллар шығынға ұшырады


Қырғызстан 2024 жылдың алты айында табиғи және техногенді апаттардан 1 млрд 900 млн сом ($22,5 млн) шығынға батты. Бұл туралы елдің төтенше жағдайлар жөніндегі министрінің орынбасары Азамат Мамбетов мәлімдеді.

Шенеуніктің айтуынша, сел және басқа да табиғат апаттарының шығыны өсе бермек.

«Табиғат апаттары ішінде селден көп зардап шегіп жатырмыз. Бір ғана селдің өзінен 1 млрд 100 млн ($13 млн) материалдық шығын келді, оны толық есептеп болған жоқпыз. Қазір Ош қаласы, Ош және Жалал-Абад облыстарындағы шығынды ғана есептеп жатырмыз» дейді министрдің орынбасары.

Жалал-Абад облысы Базар-Қорғон ауданына қарасты Арстанбап ауылында 23 шілдеде сел жүрген. Тоғыз үй, аурухана, сауда үйі, бес көпір және бір шақырымдық жолды сел шайып кеткен. Сол күні Ош облысы Нооқат ауданында да сел жүрген.

Ошта 14 шілдеде жойқын сел болды. Соның салдарынан қаладағы орталық базар мен Ақ-Буура өзені бойында орналасқан нысандарды сел басты. Бес адам қаза болды.

XS
SM
MD
LG