Биржа мәліметінше, бұған дейін банкке парламент экс-спикері Чыныбай Тұрсұнбековтің балалары — Эржан Чыныбай уулу (40%), Бегімай Чыныбай қызы (30%) және Айдай Тұрсұнбекова (30%) иелік еткен. Айдай қазір қамауда, Бегімай үйқамақта отыр.
Бұның алдында ҰҚМК басшысы Қамшыбек Тәшиев бір сұхбатында Айдай Тұрсұнбекованың үстінен қозғалған қылмыстық іс туралы баяндай отырып, «Капитал Банктің» экс-спикер отбасына қалай өткенін түсіндірген. Арнайы қызмет басшысының мәлімдеуінше, 2010 жылы Тұрсұнбековтер отбасы Максим Бәкиевке тиесілі «Ақылинвестбанкті» рейдерлікпен басып алған. Максим Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бәкиевтің ұлы.
Тәшиевтің айтуынша, Тұрсұнбеков ол банкті әйелі Нұржан Тентимишованың атына тіркеп, қаржы мекемесінің атауын «Капитал Банк» деп өзгерткен.
Экс-спикердің қыздарының үстінен «қылмыстан түскен ақшаны заңдастырды» деген айыппен қылмыстық іс қозғалған.
Ыстықкөлдегі «Акун» пансионатын басқаратын Айдай Тұрсұнбекова сот шешімімен 24 тамызға дейін қамауда отырады. Бегімай Чыныбай қызы 26 тамызға дейін үйқамаққа босатылған.
Экс-спикер қыздарының адвокаты немесе туыстары әзірге қылмыстық іс туралы мәлімет беруге асығар емес.
Қырғызстан экс-спикерінің балаларына тиесілі «Капитал Банк» мемлекет меншігіне өтті

Қырғызстан үкіметіне қарасты Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі агенттігі «Капитал Банк» коммерциялық банкінің 100 пайыз акциясына ие болды. Бұл туралы Қырғыз қаржы биржасының сайтында хабарланды.