Тәжікстандық Мұхаммаджон Обидов «Яндекс Лавка» фирмасында курьер болып істейді. Ол 24 шілдеде төрт айлық қызды ұрлап кетуге кедергі жасады.
Ресей тергеу комитеті осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады, бірақ тәжік мигрантының кішкентай қызды құтқарып қалғаны туралы ештеңе жазбады. Ресейдегі осы мекеме Орталық Азия елдерінен келген еңбек мигранттарын қудалаумен ерекшеленіп келеді. Тергеу комитеті жариялаған мәліметте баланы құтқарып қалған Обидов «оқиға куәгері» деп қана сипатталған.
Оқиға Мәскеудегі балалар алаңдайының бірінде болған. 27 жастағы ресейлік Алексей К. баланы анасынан қолынан тартып алып, қаша жөнелген. Мұхаммаджон велосипедімен оның ізіне түскен. Тәжік мигранты адам ұрлаушыны қуып жеткен уақытта ол баланы жерге тастай салған. Мұхаммаджан баланы анасының қолына тапсырып, өзі кісі ұрлаушыны шалып құлатқан.
Содан кейін төрт айлық қыздың анасы тәжік азаматына алғыс айтып, полиция мен жедел жәрдем шақыртқан. Қылмыскер кішкентай қызды жерге тастай салған уақытта оның басы мен кеудесі зақымданған.
«Крокус Сити Холл» концерт залына жасалған шабуылдан кейін Ресейде Тәжікстан азаматтарын қудалау науқаны басталды. «Крокус» ісі бойынша негізінен тәжік азаматтары айып тағылған.