Ссылки доступа

Қаңтар құрбанының отбасы мемлекетпен соттасып, жеңе алмады


"Өмір сүруге хақы бар еді". Қаңтар құрбанының отбасы мемлекетпен соттасып жүр

2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде оқ тиіп қаза тапқан Руслан Қуаттың әйелі Айгүл Ахметжанова үкіметтен марқұм күйеуінің екі жылдық жалақысына тең өтемақы талап етіп сотқа жүгінді. Оған қоса жерлеу шығынын да өндіріп алғысы келеді. Төрт баласымен жесір қалған әйелдің арызын сот қанағаттандырмады.

Қаңтар оқиғасынан бері екі жыл өтсе де, Айгүл Ахметжанованың жан жарасы әлі жазылған жоқ. Күнделікті тіршілікпен алданған болады. Бірақ еш жазықсыз оққа ұшқан жұбайы есіне түссе, марқұмның артында төрт баламен жесір қалған келіншектің көмейіне өксік тығылып, көзінен бырт-бырт жас төгіледі.

Руслан Қуат 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда оққа ұшты. Қапияда қаза табарынан бір-ақ күн бұрын ғана әйелінің төртінші балаға аяғы ауыр екенін білген. "Қатты қуанған еді" деп еске алады Айгүл. Руслан Алматы әуежайының жүк бөлімінде жұмыс істеген.

Руслан 6 қаңтарға дейін үйінде отбасымен бірге болған. Ал сол күні "әуежайға шабуыл жасалыпты" дегенді естіген.

Айгүл қоңырау шалғанда күйеуінің телефонынан жауап берген адам Алматыдағы Назарбаев даңғылы бойында оқ тиген жеңіл көлік көшедегі ағашқа соғылып тоқтап тұрғанын, ішінде екі адам – жүргізуші мен жолаушы өліп жатқанын айтқан. Қалада сағат 23.00-ден 7.00-ге дейін комендант сағаты режимі жарияланғандықтан Русланның туыс-жақыны оқиға орнына бара алмаған.

Үй-іші Русланды 9 қаңтарда жерледі. Айгүл төрт баламен жесір қалды. Төртінші қыз әкесі өмірден өткен соң дүниеге келген.

Руслан қазаға ұшыраған соң бір айдан кейін оның өліміне қатысты іс қозғалғанымен, көп ұзамай жабылып қалған. Іс құпия болғандықтан мән-жайы белгісіз. Тергеу 39 жастағы Руслан Қуаттың қандай да бір қылмысқа қатысы бары анықталмады, істе қылмыс құрамы жоқ деп ұйғарған.

Құқық қорғаушы Ерлан Қалиев сотта Ахметжанованың өкілі болып, мүддесін қорғады.

Қалиев Ахметжанованың мемлекеттен марқұм күйеуінің айлығы мен жерлеуге кеткен шығынын өндіріп алуға заңды құқығы барын айтады.

Азаматтық істі қараған Бостандық аудандық сотының 18 шілдедегі қаулысы бұл заң нормаларын жоққа шығармайды. Бірақ "Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы" заңдағы терроризм актісі кезіндегі келген залал есебін бюджеттен өтеу үкіметтің 914-қаулысына сай орындалатыны, оған сәйкес, адамның денсаулығы мен өміріне тиген залал Азаматтық кодекстің 937-946 баптары (азамат қайтыс болған жағдайда келтiрiлген зиянды өтеу мөлшерi, жерлеуге жұмсалған шығындарды өтеу) аясында жүзеге асатыны жазылған.

Сонымен бірге судья Азаматтық кодекстің 917-бабына, яғни "азаматқа келтірілген зиянды оны келтiрген тұлға толық көлемiнде өтеуге тиiс" дейді де, Руслан Қуатқа қатысты істің тергеу барысында "қылмыс құрамы болмағандықтан" тоқтағанын, яғни оны өлтірген адамдар табылмағанын айтады. Оның үстіне Руслан Қуат терроризмнің алдын алу барысында өлгені я оның өліміне мемлекеттік органдардың лауазымды қызметкерлерінің қатысы бары да дәлелденбеген, сондай-ақ, жерлеуге бес миллион теңге жұмсалғанына да дәлел жоқ делінген қаулыда.

Ерлан Қалиев соттың уәждері орынсыз, өйткені Русланның қазасы жөніндегі іс құпия болғандықтан оның мән-жайы отбасына белгісіз, ал жерлеу мен асына кеткен шығынды дәлелдеу мүмкін емес деп есептейді.

Сот қаулысы әлі күшіне енген жоқ. Айгүл Ахметжанова мен Ерлан Қалиев апелляциялық шағым түсіретінін айтады. Әйткенмен үміт тым аз екенін де жасырмайды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "елге мыңдаған террорист шабуыл жасады" деп мәлімдеп, күш құрылымдарына ескертусіз оқ атуға бұйрық берген 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанда, ресми мәлімет бойынша, 238 адам қаза тапқан. Оның жартысынан көбі Алматыда мерт болды. Билік елге сырттан әлдебір террор тобы шабуылдағанына ешқандай айғақ-дәлел келтірмеді.

Қаңтарда адамдарға оқ атқандардың дені анықталған жоқ, кісі өлімі фактісі бойынша қозғалған істердің көбі жабылып қалды. Кейін бірнеше әскери қызметші "адам өлтіру" айыбымен емес, "қызметін асыра пайдалану" бабы бойынша жауапқа тартылды.

XS
SM
MD
LG