Ссылки доступа

Эмомали Рахмон Иран басшыларымен кездесті


Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон 30 шілдеде Теһранда Иран Ислам Республикасы басшыларымен кездесті.

Эмомали Рахмон Иранның жаңа президенті Масуд Пезешкианмен экономикалық әріптестік мәселелерін талқылады. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесуде Тәжікстан мен Иран арасындағы сауда көрсеткіші кейінгі бірнеше жылда бес есе ұлғайғаны, ал екі ел арасындағы туристік визаны алып тастау сауда мен әріптестікті арттыра түсетіндігі айтылды.

Эмомали Рахмон Ислам революциясының жетекшісі Аятолла Сейед Әли Хаменеимен де кездесті. Олар Тәжікстан мен Иран әріптестігінің мәселелерін, сонымен бірге халықаралық және аймаққа маңызы бар проблемаларды талқылады.

Тәжікстан президенті Иран ислам кеңесі қауымдастығының төрағасы Мохаммад Бәкір Калибофпен де жүздесті.

Эмомали Рахмон 30 шілдеде Иранның жаңа президентін ұлықтау салтанатына қатысу үшін Теһранға барды.

2021 жылдың басына қарай екі ел арасындағы қарым-қатынас күрт суыған, бірақ сол жылдың жазынан бері қайта жақсара түскен.

XS
SM
MD
LG