Ссылки доступа

Өзбекстанда қудаланған имамның із-түссіз жоғалған бауыры абақтыдан табылды


Абдуллох Парпиев.
Абдуллох Парпиев.

Ташкенттің Алмазар аудандық соты Абдуллох Парпиевті 15 тәулікке қамау туралы шешім шығарды. Ол қуғындағы имам Фазлиддин Парпиевтің туған інісі. Абдуллохтың туыстары оны 1 тамыздан бері таба алмай жүрген.

Бұл туралы бұрынғы имам Фазлиддин Парпиев хабарлады. Ол 2018 жылғы желтоқсаннан бері шетелде тұрады. Оның айтуынша, інісін ішкі істер органдары қызметкерлерінің заңды талабын орындамады, қарсылық көрсетті деп айыптаған. Соты Парпиевті және тағы төрт адамды кінәлі деп тауып, бәрін 15 тәулікке қамаған.

Фазлиддиннің айтуынша, Абдуллох басқа да сотталушыларды танымайды. Милиция қызметкерлері оны балаларын балабақша алып келе жатқан уақытта тоқтатып, ішкі істер бөліміне шақыртқан, ал балаларды жабық көліктің ішінде қалдырған.

Сотталушының туыстары апелляциялық шағым түсіруді көздеп отыр. Олар Абдуллохқа жалған айып тағылған деп есептейді. Оның әзірге қайда екені белгісіз. Сол себепті Абдуллохтың ата-анасы алаңдап отыр. Ол Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасының халықаралық байланыс бөлімінде істеген.

Фазлиддин Парпиев 2018 жылғы қыркүйекке дейін Ташкенттегі «Әмина» мешітінің бас имамы болған. Ол президент Шавкат Мирзияевқа бейнеұндау жолдап, Өзбекстан ішкі істер органдарын азаматтардың діни еркіндігін бұзды деп айыптаған. Содан кейін Фахлиддинді жұмыстан шығарған.

2018 жылғы желтоқсанда Ташкент қаласының прокуратурасы оған «саяси мәселе көтерме» деп ескерткен, содан кейін имам Өзбекстаннан кетуге мәжбүр болған.

XS
SM
MD
LG