Бішкектің Октябрь аудандық соты оны сырттау қамау жөнінде шешім шығарды. Әбдуәлиев биыл 19 наурызда Өзбекстанда алты жылда сотталған. Ол қазір өзбек түрмесінде отыр.
Қырғыз арнайы қызметінің мәліметінше, халық арасында «Сәлімбай» атымен танымал Сәлім Әбдуәлиев ТМД елдерінде ықпалға ие болған, Еуропаға есірткі тасымалдауды ұйымдастырған, қырғыз дөкейі Қамшы Көлбаевпен байланыс орнатып, оған материалдық қолдау көрсеткен.
Ресми мәліметке қарағанда, Әбдуәлиевке «қылмыстан түскен пайданы заңдастырды» деген айып тағылған. Осы бап негізінде марқұм Көлбаевтың анасына да айып тағылғаны мәлім. Прокуратура оны 10 жылға соттауды сұраған.
Сәлім Әбдуәлиевтің Өзбекстан түрмесінде отырғаны ешкімге жасырын емес. Алайда түрмеде отырған адамды қырғыз арнайы қызметі не себепті іздестіріп жатқаны белгісіз.
74 жастағы Әбдуәлиев Өзбекстан ұлттық олимпиада комитеті төрағасының орынбасары, күрес қауымдастығының жетекшісі болған.
Қамшы Көлбаев былтыр 4 қазанда Бішкекте арнайы қызметтің операциясы кезінде өлтірілді.
Қырғыз арнайы қызметі өзбек дөкейі Сәлім Әбдуәлиевке іздеу жариялады

Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті қылмыс әлемінің дөкейі Сәлім Әбдуәлиевке Интерпол арқылы іздеу жариялады.