Сәлім Әбдуәлиевтің өлгені туралы мәлімет жалған. Өзбекстан ІІМ баспасөз хатшысы Шохрух Гиясов осылай деп мәлімдеді.
11 тамызда "Авторитет" YouTube-арнасы Әбдуәлиев қазасы туралы мәлімет жариялаған. Ақпаратты құқық қорғаушы Әбдурахман Ташанов фейсбуктегі парағына жариялаған.
Сәлім Әбдуәлиев былтыр желтоқсанда Өзбекстан ішкі істер органдарының арнайы операциясы барысында ұсталған. Ол әуелі "заңсыз қару ұстағаны" үшін істі болған, кейін осы қылмысты қайталады деген айып тағылған.
Биыл наурызда Ташкент қаласы Мирабад аудандық соты Сәлім Әбдуәлиевті 6 жылға соттады.
Мәліметтерге қарағанда, Сәлім Әбдуәлиев сот үкіміне апелляциялық шағым түсірмеген. Қазір ол Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің тергеу изоляторында отыр.
Өткен аптада Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті Сәлім Әбдуәлиевке Интерпол арқылы іздеу жариялаған. Бішкек қаласы Октябрь аудандық соты оны сырттай қамау туралы шешім шығарған.
Қырғызстарн арнайы қызметінің мәліметінше, Сәлім Әбдуәлиев ТМД елдерінде едәуір ықпалға ие болып, есірткіні Еуропаға тасымалдаумен айналысқан. Ол қырғыз дөкейі Қамшы Көлбаевқа материалдық қолдау көрсеткен. Қырғызстан құқық қорғау органдары Көлбаевты 2023 жылғы 4 қазанда арнайы операция барысында өлтірген.