Ссылки доступа

Түркіменстандағы жалғыз оператор Ашғабатта жаңа сим-карта сатуды тоқтатты


Түркіменстандағы жалғыз мобильді оператор - "Алтын Асыр" жаңа сим-карта сатуды тоқтатты. Бұл туралы Азаттықтың Түркімен қызметі хабарлады.

"Компания қызметкерлері 16 жасқа толып, паспорт алған азаматтарға сим-карта сатпай жатыр. Олар бос телефон нөмірі жоқ екенін айтып отыр" дейді Ашғабат тұрғыны. Оның айтуынша, бұрын сим-карта кезегіне тұруға болатын, қазір мұндай қызметті де алып тастаған.

"Алтын Асыр" қызметкерлері компанияның жаңа сим-карта дайындайтын техникалық мүмкіндігі жоқ екенін айтқан.

Азаттық сауалына монополист компания жауап бермеді.

"Алтын Асыр" сим-карта саудасын былтыр көктемде шектей бастаған. Қазан айында компания кеңселерінде кезек көбейген. Сол кезде кезек 2024 жылдың көктеміне дейін толғаны мәлім болған.

Биыл жазда Түркіменстанның Өзбекстанмен шекарасында өзбек компанияларының сим-картасын елге алып кірушілерді ұстап жатқаны анықталған. Жергілікті билік азаматтардың көрші елдің байланысымен Интернетке емін-еркін қосылуынан сескенген.

XS
SM
MD
LG