"Адамдар екі жылдан бері жасамаған қылмысы үшін қамауда отыр. Істі қылмыстық қудалау органы ойдан құрастырған. Апелляциялық шағымды қанағаттандыруды, үкімді жоюды, жаңа шешім шығаруды сұраймын" деп мәлімдеді сотталушы Олжас Құлжахановтың адвокаты Жанар Балғабаева.
Ақылжан Қисымбаевтың адвокаты Ғалым Нүрпейісов кассациялық шағым түсіретінін, содан кейін БҰҰ комитетіне шағымданатынын мәлімдеді.
Биыл 7 наурызда Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты "билікті басып алуға талпынған" деген айып тағылған жеті адамды кінәлі деп танып үкім шығарды. Судья Бақытхан Бәкірбаев жауапқа тартылған жетеуі де айыпты деп, алтауын бостандығынан айырды, біреуіне шартты жаза кесті.
Солт 45 жастағы Бағдагүл Андреева, 41 жастағы Ержан Төреқұлов және 38 жастағы Олжас Құлжаханов 6 жылға, 64 жастағы Сағынкүл Қонар, 37 жастағы Теңлік Нұрланов, 37 жастағы Ақылжан Қисымбаев 5 жылға бас бостандығынан айырып, 44 жастағы Айдос Іліпбаев 3 жыл 4 ай шартты жаза берді.
Қаңтардың аяғында өткен сот процесінде прокурор соттан айыпталушыларға 13-15 жыл түрме жазасын сұраған еді.
Қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізген Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Андреева мен Қонарға Қылмыстық кодекстің "билікті басып алуға жария түрде шақыру немесе үгіттеу", "экстремистік топ құру немесе оның әрекетіне қатысу" және "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру" баптары бойынша айыптар таққан. Ал Төреқұлов, Құлжаханов, Нұрланов пен Қисымбаевқа осы айыптарға қоса, "қаруды, жарылғыш заттар мен оқ-дәріні заңсыз сатып алу, басқаға беру, сату, сақтау, тасымалдау, өзімен бірге алып жүру" бабымен де айып тағылған.
Іліпбаев "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болған" деп айыпталды.
Жұрт арасында бұл сот процесі "трактор-танк төңкерісі" аталып кеткен. Оған сот кезінде "күдіктілер тракторға мініп, Ақорданы басып алмақ болды" деген деректердің айтылуы себеп болған. Сотқа дейінгі тергеу қорытындысы бойынша, күдіктілерге жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырып, мемлекеттік төңкеріс жасауға талпынған, атыс қаруы мен жарылғыш заттар қолданып дүрбелең туғызуды, билік өкілдеріне қарулы қарсылық көрсетіп, Алматы қаласын, Ақорданы [Қазақстан президентінің Астанадағы резиденциясы] басып алуды көздеген деген айыптар тағылды.
Құқық қорғаушылар мен істі бақылағандар тергеу тарабы бұл жеті адамға тағылған айыптарды дәлелдей алмады, келтірген "айғақтары" сенім ұялатпайды деп есептейді.
Сотталушылардың адвокаттары 7 ақпандағы жарыссөзде тергеу біржақты жүргізілгенін, күдіктілерге тағылған айыптарға дәлел жоғын айтып, оларды жазығы болмаса да тым қатты жазаламақ болып жатыр деп мәлімдеген. Адвокаттар соттан істі доғарып, айыпталушыларды ақтауды сұраған.