Бұл туралы 19 тамызда Қарақалпақстанда президент Шавкат Мирзияевтің қатысуымен өткен жиналыста жарияланды.
Президент баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қарақалпақстан тұрғындарына жағдай жасау мақсатында республика бюджетінен қосымша 100 миллиард сум (шамамен 8 млн доллар) бөлінеді.
2025 жылы өңірдің әлеуметтік дамуы мен инфрақұрылымын жаңартуға 1 триллион сумнан ($79 млн) аса қаражат аударылады. Осы ақшаға 24 мектеп, 5 балабақша және 7 аурухана салынады немесе жөнделеді.
Бұған қоса, өнеркәсіп инфрақұрылымын жақсартуға 353 миллиард сум ($28 млн) аударылады.
Осы міндеттерді орындауды бақылау Саида Мирзияева мен Тұрсынхан Құдайбергеновке тапсырылды.
Шавкат Мирзияевтің Қарақалпақстанға сапары 19 тамызда басталды. Президент баспасөз қызметінің хабарлауынша, сапар барысында мемлекет басшысы ИТ және әлеуметтік нысандарды аралап, шағын аудандардың тұрмысымен, кәсіпорындар жұмысымен танысады.