Ссылки доступа

Теміртауда металлургия комбинатында мердігер компанияның жұмысшылары мерт болды


25 тамызда Теміртауда металлургия комбинатының №2 цехында 19 және 37 жастағы екі жұмысшы қаза болды. Ақпаратқа қарағанда, олар ғимараттың төбесін бұзып жатып, биіктен құлап, мерт болған.

Qarmet компаниясы оқиғаны "қайғылы жағдай" деп атады. Компанияның мәлімдеуінше, қаза болған екі жұмысшы "Казмеханомонтаж" мердігер компаниясында істеген. Qarmet мердігерді техника қауіпсіздігін сақтамады деп айыптады.

– Қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы нәтижесінде екі жұмысшы биіктен құлады. Компания алдағы уақытта мұндай оқиға қайталанбас үшін тиісті шаралардың бәрін қабылдайды және өндірісте қауіпсіздікті қамтамасыз етуге барынша күш салады, – деп мәлімдеді Qarmet.

Билік оқиғаның жай-жапсарын анықтау үшін комиссия құрылғанын хабарлады.

Бұған дейін де металлургиялық комбинатта қайғылы оқиғалар болған. 2022 жылы маусымда комбинат цехтарының бірінде жөндеу жұмыстары кезінде пештің төбесі құлап, төрт жұмысшы қаза болған, тағы бір жұмысшы ауыр жарақат алған. 2022 жылы желтоқсанда Теміртау соты "құрылыс жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзды" деп айыпталған "АрселорМиттал Теміртау" (қазіргі Qarmet) пен мердігер компанияның алты қызметкерін түрлі мерзімде түрмеге кескен.

АМТ кәсіпорындарында қайғылы оқиғалар қайталана бергеннен кейін Қазақстан билігі инвестордың өзгергенін мәлімдеген. 2023 жылы желтоқсанда кәсіпкер Андрей Лаврентьев АМТ шахталары мен комбинаттарының иесі атанды. Биліктің түсіндіруінше, инвестордың өзгеруінің басты себептерінің бірі қауіпсіздік болған. Алайда бұдан кейін де Qarmet компаниясында түрлі оқиғалар тыйылмады.

XS
SM
MD
LG