Ссылки доступа

Қазақстан журналистер одағы Павел Дуровтың Францияда ұсталуына байланысты үндеу таратты


Қазақстан журналистер одағы Франция билігін Павел Дуровтың құқықтары мен бостандығының сақталуын қамтамасыз етуге және іс бойынша объективті тергеу жүргізуге шақырды. Одақтың телеграм-арнасы 25 тамызда ашылған.

"Интернет-сайттардың бұғатталуы жиі кездесетін бірқатар елде ресми түрде тіркелген тәуелсіз демократиялық БАҚ-тың үнемі кедергілерге тап болатынын немесе мүлдем жабылып тынатынын айтар болсақ, Павел Дуров негізін қалаған Telegram қазіргі таңда қоғамға объективті және цензурасыз сенімді ақпарат таратудың жалғыз көзі болып отырғанын ескерген маңызды" деді Қазақстан журналистер одағы.

Қазақстан цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Facebook-тегі парақшасында Дуров пен Telegram тобына қолдау білдіріп, пост жариялады.

Бұған дейін Дуров Telegram еркін орта ретінде қалуға тиіс деп мәлімдеген. Ол Ресейдің арнайы қызметі немесе өзге елдердің арнайы қызметімен байланысы барын жоққа шығарған. Дегенмен Telegram өкілдері мемлекеттік органдардың сұранысы бойынша құқыққа қайшы келетін контенттерді өшіруге дайын екенін мәлімдеген.

Ресейде көптеген шетелдік желілер бұғатталып жатқан тұста мессенжердің ерекше танымалдығы артты, оны мемлекеттік және кремльшіл баспасөз, тәуелсіз БАҚ пен блогерлер пайдаланып жатыр.

Дүйсенбі күні Франция соты Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуровты қамауда ұстау мерзімін 48 сағатқа созды. Бұл туралы AFP тергеуге қатысы бар дереккөөзге сүйене отырып хабарлады.

Агенттік мәліметінше, Дуровты қамауда ұстау ары кетсе 96 сағатқа созылуы мүмкін, содан кейін судья оны босатады, не айып тағады. Аса ауыр қылмыстарға (есірткі саудасы, терроризм) қатысы болған жағдайда ғана қамауда ұстау мерзімі 120-144 сағатқа созылуы мүмкін.

Дуровты босатпауы мүмкін екенін Bloomberg агенттігі де жазған. Мәліметтерге қарағанда, француз заңдарында азаматты қамауда ұстау мерзімі бір мәрте ғана созылуы мүмкін.

Франция билігі әзірге Дуров ісіне қатысты ешқандай ресми мәлімдеме жасамай отыр. Telegram командасы ғана осы іс туралы мәлімдеме таратты.

24 тамыз кешке француз ақпарат құралдары Telegram-ның негізін қалаған Павел Дуров Франциядағы Ле-Бурже әуежайында ұсталды деп хабарлаған.

Ресейде туған Павел Дуров 2021 жылы Франция азаматтығын алған. Кейінгі жылдары Біріккен Араб Әмірліктерінде тұрған, Telegram кеңсесі де сол елде орналасқан. Кәсіпкер Ресейден шамамен 10 жыл бұрын кеткен.

XS
SM
MD
LG