Министрдің сөзінше, ресейлік әншілердің өздері келуге бастама білдірген.
"Қазір Фейсбукта отырғандар "мынау әртіс келсін, ал мынауы келмесін, оны тыңдамаймыз" деп жатыр. Бұл мерекелік шара. Біз ешкімді күштеп көруге шақырмаймыз. Көбі мұны қуанып қарсы алып жатыр. Егер мемлекеттің беделі болмаса, қандай әртіс келіп, сыйлық жасаушы еді? Біз осыған дейін әлемдік деңгейдегі әншілерді шақыруға тырысқанда, көрші елдің әншілері тіптен көңіл бөлмейтін еді. Біздің өз әншілеріміз де өнер көрсетеді. Бәріне уақыт жетеді", - деді ол.
Мәдениет министрлігінің мәліметінше, 31 тамызда Ала-Тоо алаңында Стас Михайлов, Филипп Киркоров, Люся Чеботина, швед әншісі Боссон және италиялық әнші әрі композитор Ин-Грид келеді деп күтіледі.
Осының алдында қырғыз президенті әкімшілігінің ақпараттық саясат бөлімінің басшысы Дайырбек Орунбеков ресейлік әншілердің тегін өнер көрсететінін, олардың тамағы мен жатын орны ғана төленетінін айтқан.
Ресей Украинаға қол салғаннан кейін АҚШ және Батыс елдері тарапынан салынған санкциялар ресейлік әртістердің шетелге гастролдік сапарларын шектеді. Олар Орталық Азияға жиі келетін болды.