Ссылки доступа

Алматыда бейбіт жиын өткізуге рұқсат етілетін орындар өзгерді


28 тамызда Алматы мәслихатының депутаттары қалада бейбіт жиын мен шеру өткізетін орындарды өзгертуді дауысқа салып, жаңа ұсынысқа келісті.

Бұған дейін әкімдік қаладағы Махатма Ганди атындағы саябақта, Шоқан Уәлиханов атындағы саябақта және "Сарыарқа" кинотеатры артындағы алаңда бейбіт жиын өткізуге рұқсат берсе, Шевченко көшесінде Уәлиханов атындағы алаңнан Ганди саябағына дейін шерулетуге болатын.

Қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Есенбековтің сөзінше, Уәлиханов саябағында бейбіт жиын өтетін кезде Достық даңғылынан Қонаев көшесіне дейінгі (саябақ осы екі көшенің ортасында орналасқан) жол жабылып, салдарынан кептеліс көбейіп, қоғамдық көлік кестесі бұзылып, жолаушылар мен көлік жүргізушілеріне қолайсыз болады.

Есенбековтің айтуынша, сол маңайдағы қала тұрғындары бұл саябақта митинг өткізбеуді сұрап, өтініш жіберген. Ол Алматы қаласының полиция департаменті де "қаладағы қауіпсіздікке байланысты" бейбіт жиын өткізетін орындарға өзгеріс енгізуді ұсынды деді.

Алматы қаласындағы Шевченко көшесіндегі Достық даңғылынан Қонаев көшесіне дейінгі жол. Ортада Шоқан Уәлиханов атындағы саябақ орналасқан.
Алматы қаласындағы Шевченко көшесіндегі Достық даңғылынан Қонаев көшесіне дейінгі жол. Ортада Шоқан Уәлиханов атындағы саябақ орналасқан.

Қоғамдық даму басқармасы Уәлиханов атындағы саябақты (1000 адамға арналған) Абылай хан даңғылындағы Амангелді Иманов атындағы саябаққа (500 адамға арналған) ауыстыруды ұсынды. Есенбеков "мұнда көшелерді жабудың қажеті жоқ, жақын маңайда үйлер жоқ" деді.

Осы ұсынысқа байланысты басқарма "Сары-Арқа" кинотеатры артындағы алаңда бейбіт жиынға қатысатын адам санын 500-ден 1000-ға дейін көбейтуді ұсынды.

Басқарма шеру өткізетін бағытты Жамбыл көшесіндегі Гагарин даңғылынан Мұқанов көшесіне дейін өзгертуді ұсынды. Есенбеков ескі бағыттағы Шевченко көшесі қаладағы үлкен көшелерді қиып өтеді, салдарынан көлік қозғалысына кедергі келтіреді деді.

Алматы қаласындағы Жамбыл көшесіндегі Гагарин даңғылынан Мұқанов көшесіне дейін шеру өткізетін бағыт. 2GIS картасынан скриншот.
Алматы қаласындағы Жамбыл көшесіндегі Гагарин даңғылынан Мұқанов көшесіне дейін шеру өткізетін бағыт. 2GIS картасынан скриншот.

Мәслихат депутаттары қоғамдық даму басқармасының ұсыныстарын қолдады. Қарсы болғандар мен қалыс қалғандар болмады.

Биыл наурызда Freedom House халықаралық адам құқықтары ұйымы "Әлемдегі еркіндік" деп аталатын жылдық есебінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы бейбіт жиын өткізу туралы заңды түзеткенімен, азаматтар мен түрлі ұйымдардың митинг, шеру өткізу құқығы әлі де шектеліп отыр деп жазған. Бұдан былай тек хабарлау сипатында болады деген бейбіт жиынға әлі де жергілікті биліктің рұқсаты керек. Рұқсат етілмеген митинг өткізгені үшін әкімшілік жаза қолданылады. Мұндай жаза тіпті ереуілге шыққан жұмысшыларға да қолданылған деді Freedom House.

"Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы" заңға сәйкес, бейбіт жиынды не пикетті ұйымдастырушылар жергілікті атқарушы билікке жиын өтетінін кемі бес жұмыс күн бұрын жазбаша хабарлауы керек. Құқық қорғаушылар бұл заңды іс жүзінде бейбіт жиын өткізуге жергілікті әкімдіктің рұқсатын алу керек деген бұрынғы талап сол күйі қалды деп сынаған.

XS
SM
MD
LG