Әлеуметтік желі қолданушылардың кейбірі министрді "саяси сауатсыз" деп айыптаса, тағы біреулер "қарапайым адамдардың өмірінен бейхабар" деп сөкті.
Осы күндері Самарқанда өтіп жатқан "Шарк тароналари" ән фестивалі кезінде министр өнер мен мәдениет фестивальдарын өткізу "жолға асфальт төсегеннен де маңызды" деп мәлімдеген.
"Сіздер маған көп сұрақ қоясыздар. Түрлі фестивальдар кімге қажет, оның орнына жол жөндеу керек емес пе деп сұрайсыздар. Бірақ, кешіріңіз, осы мәселемен күрес бір көшеге асфальт төсеуден де маңызды. Адамзат мәдениетіне қауіп төніп тұр. Сол себепті 3-5 миллиард сомға осындай фестивальдар ұйымдастырып, адамзат болашағын сақтап қалуға үлес қосамыз" деп мәлімдеген мәдениет министрі.
Шенеунік мәлімдемесі әлеуметтік желідегі белсенділердің ашуын туғызды.
"Жолға асфальт, тас төсеу, цементтеу де өркениеттің белгісі. Той аралап ақша тапқанша, мектепте әсіресе Рим империясының тарихын жақсырақ оқуы керек еді" деп жазды блогер Зафарбек Солижонов.
"Фестиваль қажет емес демеймін. Қажет. Бірақ фестивальді асфальтпен салыстыру... Барып тұрған ақымақтық" деп жазды Troll.uz telegram-арнасының негізін қалаушы Үміт Ғафуров.