Бұл істе алты полиция қызметкері күдікті деп танылған, жәбірленушілер саны – 44. Олардың арасында Өзбекстан, Қырғызстан азаматтары бар.
Алдын ала сот тыңдауына жәбірленушілер келмеді. Олардың адвокаттары соттан істі прокуратураға қайтаруды сұрады. Адвокаттар күдіктілерге тағылған айып жеңіл деді.
Күдіктілердің бәрі ешқайда кетпейтіні туралы қолхат беріп, бостандықта жүр. Оларға "Қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас, азаптаулар" (146-бап) және "Билiк немесе лауазым өкiлетін асыра пайдалану" (362-бап) баптары бойынша айып тағылған.
Іске қатысушылардың бәрі, соның ішінде арыз бергендер мен олардың қорғаушылары іс материалдарын жария етпеу туралы қолхатқа қол қойған.
2024 жылы 28 мамырда Қошмамбеттегі азаптауға байланысты Алматы қаласы полиция департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Берік Әбілбеков ұсталды деген ақпарат тараған. Тергеу мүддесіне сілтеген прокуратура бұдан басқа басқа ақпарат айтпаған еді.
Әбілбековтің адвокаты 2 қыркүйектегі алдын ала сот тыңдауында күдіктінің кінәсі дәлелденбеді деп, істі тоқтатуды сұрады. Күдікті тараптың адвокаттары істі прокуратураға қайта жіберуге қарсылық танытты.
Бұған дейін "Халықаралық құқықтық бастама" қоғамдық қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Айна Шорманбаева бұл істе 23 өзбек азаматының мүддесін қорғап жатырмын деген.
Қаңтар дүрбелеңінде Қазақстанның мемлекеттік телеарнасынан "бүлікке қатысқаны үшін ақша алғанын" "мойындаған" жігіттің видеосы көрсетілген. Кейін оның қырғызстандық музыкант Викрам Рузахунов екені, полицейлер оны азаптап, "ағынан жарылуға" мәжбүрлегені анықталып, іс халықаралық дауға ұласқан. Осы оқиғадан соң Қазақстан билігінің "Орталық Азия елдерінің бірінен келген террористер" тезисі күлкіге айналды.