"Оларды тірі қайтара алмағанымыз үшін кешірім сұраймын. Құтқаруға жақын қалған едік, бірақ қолымыздан келмеді. ХАМАС бұған жауап береді" деді ол.
Нетаньяху Израиль әскері Египет пен Газа секторы шекарасындағы Филадельфия дәлізін бақылауда ұстауы керек деп мәлімдеді. Шекараның бұл бөлігі атысты тоқтату туралы келіссөздердің басты кедергісіне айналды деді BBC.
2 қыркүйекте ХАМАС-тың "әл-Қассам бригадасы" қарулы қанатының өкілі Әбу Убайда Израиль күштері Газадағы позицияларына жақындағанда кепілдегі адамдарды қалай ұстау керек деген нұсқауды жаңартқанын мәлімдеді. ХАМАС тобын АҚШ пен Еуропа одағы "терроршыл ұйым" деп таныған.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, ХАМАС өкілі нұсқаулар жайлы егжей-тегжейлі айтпаған, оның сөзінше, бұл Израиль әскерилерінің кепілдегі адамдарды босату бойынша арнайы операциясына жауап ретінде маусымда қабылданған. ХАМАС өкілінің айтуынша, операциядан "ондаған палестиналық қаза тапқан, олардың арасында әйелдер мен балалар" болған.
Убайданың сөзінше, Нетаньяху "[атысты тоқтату туралы] келісімге қол қою орнына, кепілдегі адамдарды әскери қысым жасау арқылы босатуға тырысып жатыр. Бұл кепілдегі адамдар үйге табытпен оралады дегенді білдіреді. Тұтқындардың үй іші жақындарының өлі я тірі оралғанын қалай ма, соны таңдауы керек" деді ХАМАС өкілі.
Израиль тұрғындарының бір бөлігі наразылық акциясына шығып, биліктен ХАМАС-пен келісімге келуді талап етіп жатыр. Былтыр күзде ХАМАС Израильдің оңтүстігіне шабуыл жасап, 1200-ден аса адам қаза тапқан. Олар шамамен 250 адамды Газа секторына күштеп алып кеткен.
ХАМАС тобының әрекетіне қарымта ретінде Израиль Газа секторында әскери операция бастаған. Соның салдарынан қалалар бүлініп, мыңдаған адам опат болды.