Ссылки доступа

Мәжіліс пен "Ақ жол" құрамынан шығарылған экс-депутат өзін "харассмент жасады" деп айыптаған партия басшысына жауап қатты


5 қыркүйекте мәжілістің бұрынғы депутаты және "Ақ жол" партиясының бұрынғы мүшесі Асқар Садықов Instagram-да видеомәлімдеме жариялап, өзіне қатысты дау жөнінде пікір білдірді.

Осыдан бір күн бұрын "Ақ жол" партиясының жетекшісі Азат Перуашев телеграм-арнасында Асқар Садықовты партиядан шығаруға оған қатысты "лауазым өкiлетін асыра пайдалану" және "этика нормаларын бұзу" жайлы шағымдар себеп болды деп жазған. Ол Садықовтың үстінен харрасмент туралы арыз түскенін айтты.

Ал Садықов бейсенбіде жариялаған видеода "Перуашев даулы мәлімдемесімен орынбасарына байланысты жемқорлыққа қатысты істен халық назарын аударғысы келеді" деп отыр.

"Мені лас ойындарыңызға және манипуляцияға араластырмаңыз! Енді үндемей қалмаймын. Мұндай мәлімдемелер партия көшбасшысы деңгейіне сай емес. Азат Перуашев халықты бірнеше рет адастырған. Оның жұмыс стилі сондай сияқты. Егер мені партиядан шығарғыңыз келсе, басқа себептер келтірсеңіз болар еді. Бірақ менің жұмысымда ондай [себептер] жоқ. Егер мұндай жағдай болса, бұл мәселені мамырда көтеріп, оны менімен талқылайтын едіңіз", – деп мәлімдеді Садықов.

Ол осы кезге дейін дауға байланысты өзін ешкім шақырмағанын, түсіндірме алмағанын, партия басшылығы болған оқиға туралы өзіне хабарламағанын, мәжілістің тәртіптік кеңесі бұл мәселені талқыламағанын айтып отыр.

"Ақ жол" партиясының жетекшісі Азат Перуашев Асқар Садықовтың үстінен түскен шағымдарда айтылған жайттар пленумда қаралған соң партия тиісті шешім шығарды деді.

"Парламентте (партияда емес) жұмыс істейтін бір әйел адам Садықовтың бірнеше рет ұятсыз ұсыныс жасап, қысым көрсеткенін айтып арызданды. Сөзіне дәлел ретінде WhatsApp-та Садықовтан жіберілген хаттар скринін көрсетті. Арызданушы 17 сәуірде өзіне жазылған мұндай қорлау ұсыныстарды жауапсыз қалдырып, елемеген екен. Алайда 15 мамырда бұл тағы қайталанған, арызданушының айтуынша, Садықов жыныстық бопсалауды жүйелі түрде басқа күндері де жалғастырған. Бірақ харассмент көрген жәбірленуші депутатқа қол сұғуға болмайтынына байланысты құқықтық қорғауға жүгіне алмаған", – деп жазды Азат Перуашев телеграм-арнасында.

Перуашев осыған байланысты ескертуге Садықов "өзінің депутат екенін, кімге не қаласа, соны айтуға құқылы екенін" айтты деп жазды. Оның сөзінше, Садықовты депутат мәртебесінен айыру туралы шешім жәбірленушіге ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға мүмкіндік береді.

29 тамызда Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы парламент мәжілісінің депутаты Асқар Садықовты өкілетінен айырды. "Ақ жол" партиясының төрағасы Азат Перуашев телеграм-арнасында Садықов депутат мәртебесіне сай емес әрекеттер істеді деп жазды. Оның айтуынша, бұл жағдайды партия органдары өз бетінше анықтап, партия пленумында қараған соң Садықовты партиядан шығарған.

2023 жылғы наурыздан бастап мәжіліс депутаты болған 55 жастағы Асқар Садықов заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті құрамына кірген. 2013 жылдан бері "Ақ жол" партиясының мүшесі болған, сол кезден 2023 жылға дейін партияның Ақтөбе облысындағы филиалын басқарған. 2014-2023 жылдар аралығында Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты болған.

2023 жылы наурызда Қазақстандағы кезектен тыс мәжіліс пен мәслихат сайлауы нәтижесінде "Ақ жол" партиясы парламентке өтіп, алты орынға ие болған. Партия өзін "парламенттегі оппозициямыз" деп атайды. Ұйымды сынаушылар "Ақ жолды" билікшіл партияға жатқызады.

Асқар Садықов мәжілістегі "Ақ жол" партиясы қатарынан шығарылып, депутат мандатынан айырылған алғашқы адам емес. 2023 жылы Ресейдің Украинаға басқыншылығын қолдаған мәжіліс мүшесі Азамат Әбілдаев "Ақ жол" партиясынан шығарылып, депутат мандатынан да айырылған. Ол Азаттыққа берген сұхбатында Ресейдің Украинаға ашқан соғысын "арнайы операция" деп атап, Ресейдің басқыншылық саясатын қолдап, Украинаны "нацистер басқарып отыр" деген.

XS
SM
MD
LG