Ссылки доступа

"Тапанша оғы бетіне тиген". Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде сарбаз қаза тапты


Қайғылы жағдай 7 қыркүйек күні "Батыс" өңірлік қолбасшылығы бөлімшелерінің Маңғыстау облысы "Оймаша" полигонында өткен оқу-жаттығу жиынында болған.

Ақтау гарнизоны баспасөз қызметіне сілтеген жергілікті басылымдардың хабарлауынша, "қаруды қолдану ережесін бұзу салдарынан" қатардағы жауынгер мерт болған.

"Сағат 17:10 шамасында дала лагеріндегі кезекші 9 мм ПМ қаруынан (Макаров тапаншасы) рұқсатсыз оқ атып, оқ мерзімді әскери қызметтегі қатардағы жауынгер Б.-ның бетіне тиген. Сарбаз қалалық госпитальға бара жатқанда алған жарақатынан қайтыс болды. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр, қазіргі кезде қылмыстық іс қозғалды", – деп келтірді "Алматы" телеарнасының сайты Ақтау гарнизонының баспасөз қызметінің мәлімдемесін.

Ulysmedia басылымының жазуынша, қаза тапқан жауынгердің аты-жөні – Марат Барқұлов. Ақтау гарнизоны баспасөз қызметіне сілтеген басылым оқты кезекші лейтенант атқанын хабарлап отыр. Мұны өзге де басылымдар баяндап жатыр. Әзірге рұқсатсыз оқ атуға не түрткі болғаны белгісіз.

Бүгін, 7 қыркүйек күні әлеуметтік желілерде қаза тапқан сарбаздың әкесі деген кісінің видео мәлімдемесі тарады. Ол оқтың кездейсоқ атылғанына сенбейтінін айтады.

"Ақтау қаласының әскери округына бара жатырмын. Сол жерде менің ұлымды бетіне оқ атып өлтірді. Енді абайсыз жағдай деп отыр, офицер пистолетпен ойнаған екен, [пистолет] өздігінен атылып кеткен екен. Ешқандай абайсыз жағдай емес" дейді видеодағы адам.

Ер кісі видеода қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовқа жүгініп, істі мұқият зерттеуді сұрайды.

"Жалғыз ұлымды әскерге жіберіп, мәйітін алдым" дейді ол видеода.

Марқұмның жасы 19-да болған.

Қазақстанда қатардағы жауынгерлердің әскердегі қазасы жиілеп кетті. Билік көп жағдайда бұл оқиғаларда кездейсоқ немесе абайсызда болған жағдай деп атайды. Ал марқұмдардың туыстары бұған көнбей, мұны жоққа шығарып жатады.

XS
SM
MD
LG