Министрлік "объективті тергеу жүргізу үшін тергеу органдарына көмек көрсетіліп жатыр" деді. Бұл істі қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов бақылауға алған.
8 қыркүйекте Маңғыстау облысы "Оймаша" полигонындағы оқу-жаттығу жиынында кезекші 9 мм ПМ қаруынан (Макаров тапаншасы) рұқсатсыз оқ атып, оқ мерзімді әскери қызметтегі қатардағы жауынгердің бетіне тиді деген хабар тарады. Сарбаз госпитальға бара жатқан жолда қаза болған.
Кейін желіде марқұм сарбаздың әкесі деген кісінің видеосы тарады. Ол оқтың кездейсоқ атылғанына сенбейтінін айтқан. "Жалғыз ұлымды әскерге жіберіп, мәйітін алдым" деді ол видеода. Ақпаратқа қарағанда, марқұм 19 жаста болған.
8 қыркүйекте Бас әскери прокуратура "Оймаша" полигонындағы жағдайға байланысты күдікті ұсталып, Ақтау қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды деп хабарлады.
"Қорғаныс министрлігі әскери бөлімдерінің біріндегі взвод командирі оқ атты" деп жазды прокуратура. Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасы "қасақана кісі өлтіру" оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеу бастаған.
2 қыркүйекте парламент мінберінен халыққа жолдауын жариялаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев әскер туралы айтқан еді. Жас сарбаздар өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әскерде темірдей тәртіп болуға тиіс деген Тоқаев қарулы күштер мен басқа да күштік құрылымдар бұл талапты мүлтіксіз орындауы қажет деп мәлімдеген.
"Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты" деді Тоқаев жетінші жолдауында.
Кейінгі жылдары ақпарат кеңістігінде Қазақстан армиясындағы қайғылы оқиғалар туралы хабар жиі шығады. Кей жағдайда әскери қызметшілердің өлімі жөніндегі ресми ақпаратта оқу-жаттығу кезінде оқыс оқиға болған деп жазылады, енді бір жағдайда олар басқадай жарақаттар мен аурулар салдарынан болған деп көрсетеді. Марқұмдардың туыстары көп жағдайда ресми нұсқаға күмән келтіреді және мезгілсіз қазаның себебін әскери қызметтегі заңсыз қарым-қатынас (әлімжеттік), сондай-ақ бұйрық беретін офицерлердің қабілетсіздігі мен өз міндетіне салғырттығынан көреді.