Ссылки доступа

АЭС бойынша сауалнама жасаған белсенді Достияровтың үстінен іс қозғалды


9 қыркүйекте Алматы қаласы Әуезов ауданының прокуратурасы белсенді Абзал Достияровтың үстінен әкімшілік іс қозғады. Оның YouTube-арнасында 6 қазанда елде атом электр станциясын салу-салмауды шешетін референдумға байланысты сауалнама жарияланған.

Прокуратура белсенді бұл әрекетімен сайлауға байланысты сауалнама жүргiзу шарттарын бұзды деді.

6 қыркүйекте белсендіге кезекші прокурор хабарласып, оның әлеуметтік желілердегі парақшасын жүргізетін әйелі Дана Сәрсенбай екеуін прокуратураға шақырған. Бүгін оларды қолдап 20 шақты белсенді жиналды.

– Менің үстімнен [Әкімшілік кодекстің] 120-баптың 3-бөлігі бойынша іс қозғаған. Біз оған келіскен жоқпыз. Бұл үлкен әлеуметтік зерттеу институты емес. Бүкіл Қазақстан пікірі осындай деп айтқан жоқпыз. Бұл менің YouTube-арнамдағы жазылушылармен арадағы қарым-қатынас, солардың көңіл-күйін білу үшін салынған, – деді Достияров Азаттыққа.

"Сайлау туралы" заңға сәйкес, "қоғамдық пікірді зерттеп сауалнама жүргізуді Қазақстан заңнамасына сәйкес тіркелген, қоғамдық пікірді зерттеу бойынша кемінде бес жыл тәжірибесі бар заңды тұлғалар тиісті құжаттар көшірмелерін қоса беріп, бұл туралы Орталық сайлау комиссиясын жазбаша түрде алдын ала хабардар ете отырып жүргізуге құқылы". Бұл туралы заңның 28-бабында жазылған. Әуезов ауданының прокуратурасы комиссия жауабына сүйеніп, белсенді Абзал Достияровтан хабарлама келмеген деді.

Заң бойынша, сауалнама жүргізу ережесін бұзған жеке тұлғаларға – 15, заңды тұлғаларға 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

2 қыркүйекте парламент сенаты мен мәжілістің бірлескен отырысында халыққа жолдауын жариялаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде атом электр станциясын (АЭС) салу мәселесіне байланысты референдум биыл 6 қазанда өтеді деп мәлімдеді. Референдумда "Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?" деген сұрақ қойылады. Орталық референдум комиссиясы АЭС бойынша референдум өткізуге 15,5 млрд теңге керек деді.

Көпшілік АЭС салуды жақтаған жағдайда реакторды кім салатыны әзірге белгісіз. Қазақстан билігінде төрт ел – Ресей, Қытай, Франция мен Оңтүстік Корея әзірлеген ұсыныстар бар екені хабарланған. Сарапшылар таңдау Ресейдің "Росатом" компаниясына түседі деп қауіптенеді.

2024 жылы Қазақстанның барлық ірі қаласында АЭС салу тақырыбына қоғам талқысы ұйымдастырылып өткізілді. Үкімет сарапшылары ядролық энергия көмірмен жұмыс істейтін станциямен салыстырғанда таза қуаты көзі деп мәлімдеген.

Қоғамда АЭС салуға қарсылар мұндай жоба тым қымбатқа түсетінін, оған шетелдік технологиялар қажет болатынын айтып жүр. Олар бұл кейін Қазақстанды АЭС салған шет мемлекетке кіріптар етіп қоюы мүмкін деп ескертеді .

XS
SM
MD
LG