Харрис пен Трамп алғаш рет бетпе-бет дебатта кездесті.
Камала Харрис шілде айында Демократиялық партия үміткері атанған. Себебі маусым айындағы дебатта президент Джо Байден Трамптан жеңіліп, артынша сайлауға түсуден бас тартқан.
Харрис пен Трамп дебаты бір сағаттан аса уақытқа созылды. Оны ABC телеарнасы көрсетті. Саясаткерлерге америкалықтарды толғандыратын сауалдар қойылды. Олардың арасында экономика, жасанды түсік, заңсыз миграция, сайлау нәтижесін мойындау, Ресей мен Украина соғысы және басқа да тақырыптар бар.
Экономика туралы айтқан уақытта Харрис америкалықтардың бәріне "мүмкіндіктер экономикасын" құру туралы тезисін алға тартты. Ол шағын кәсіпкерлерге салық жеңілдіктерін беруді, балалы отбасыларға, алғашқы баспанасын алушыларға көмектесуді ұсынып отыр. Ол Трампты ірі бизнес мүддесіне сай әрекет етеді деп айыптады. Дональд Трамп болса Байден мен Харрис әкімшілігін инфляцияның тереңдеуіне жол берді, шекараны ашты деп сынады.
Украина мен Ресей соғысына да көп уақыт берілді. Дональд Трамп Украинаның жеңіске жеткенін қалайсыз ба деген сауалға жауап беруден бас тартты. "Мен соғыстың аяқталғанын, адам өмірі сақталғанын қалаймын" деп мәлімдеді Трамп.
Камала Харрис Ресей Украинаға шабуылдау арқылы халықаралық ережелерді бұзды деп есептейді. "Трамп президент болса, Путин осы уақытта басқа да Еуропаға көз салып, Киевте отырушы еді" деп мәлімдеді Харрис.
Демократтар да, республикашылдар да дебат нәтижесіне көңілі толатынын жариялады.
CNN жүргізген сауалнамаға сенсек, осы дебатта Харрис басым түскен.
Поп-жұлдыз Тейлор Свифт осы дебаттан кейін Камала Харриске дауыс беретінін мәлімдеген.