Ссылки доступа

Алматы полициясы журналист Асхат Ниязовты ұстап әкетіп, артынан босатты


12 қыркүйек түсте Алматы полициясы журналист, YouTube-тегі "Обожаю" жобасының авторы Асхат Ниязовты ұстап әкетіп, артынан босатты.

Ниязовтың ұсталғанын желіде эко-белсенді Салтанат Тәшімова хабарлады. Оның Facebook-те жариялаған видеосында полицейлердің Асхат Ниязовты қызметтік көлікке отырғызып, алып кеткені көрінеді. Журналиспен бірге оның операторын да ұстаған. Видео авторы Ниязовтан полиция оны не үшін ұстағанын сұрайды. Журналистің сөзінше, оны Алматы әкімдігінде жанжал шығарды деп ұстаған.

Тағы бір желіде жарияланған видеода полиция қызметкері ұстап әкетудің себебін сұраған Ниязовтың операторына "[Алматы] әкімдігінің күзет қызметі күдікті адамдар жүр деген рапорт жазды" деп жауап берген.

Асхат Ниязов пен оның операторын Бостандық аудандық полиция басқармасына апарып, біраздан соң босатқан. Полициядан шыққаннан кейін Ниязов түсірілім тобымен әкімдікке барғанын, Алматы әкімі Ерболат Досаевты қақпа маңында күткенін айтты.

"Әкімдік қызметкерлері өтініш жазыпты. Ол кеше кешке түскен. Алып кетуге алты-жеті адам, екі көлік келгеніне таң қалдым. Жай ғана қоңырау шалып, "кел" деп айтса да болар еді. Әкімдік ғимараты маңынан Досаевты іздегенін айтқан соң полиция бізді босатты" деді.

Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі полицияға "мемлекеттік қорғауға алынған нысанды күдікті адамдар видеоға түсіріп жатқаны туралы хабарлама түсті" деп жауап берді.

"Істің мән-жайын анықтау үшін оларды полиция басқармасына шақырды. Кейін босатты"деді полиция департаменті.

Журналист Асхат Ниязовтың "Обожаю" жобасындағы сюжеттерде Қазақстанның түрлі қаласында тұрып жатқан халықтың басындағы проблемалар баяндалады. Биыл қаңтардың басында Ниязов өзінің, жақындары мен әріптестерінің WhatsApp мессенджеріндегі аккаунттары бұғатталып қалғанын хабарлаған.

XS
SM
MD
LG