12 қыркүйекте әкімшілік сот компанияға 200 айлық есептік көрсеткіш (738 400 теңге) көлемінде айыппұл салу туралы шешім шығарды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ, компания оған келіспесе шағым түсіре алады.
YDD Corporation компаниясына "мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарына қызмет міндетін орындауға кедергі келтірді" деген айып тағылған. Төтенше жағдайлар департаменті ақпаратына сәйкес, 20 шілдеде Қарағанды ферроқорытпа зауытында өрт шығып, сегіз адам күйіп қалғанда апат орнына барған ТЖД қызметкерлерін дереу ішке кіргізбеген. Осыған байланысты Әкімшілік кодекстің 462-бабы 1-бөлігі бойынша іс қозғалып, сотқа жіберілген.
Бұған дейін Төтенше жағдайлар министрлігі апат туралы хабар құтқарушыларға бірден айтылмады, ТЖД қызметкерлері барғанда оларды ішке кіргізбеуге тырысқан деген-ді.
"Қарағанды облысы төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері оқиға орнына жеткенде YDD Corporation өкілдері оларды 40 минуттай зауыт аумағына өткізбей, ақпарат бермеген", – деді сотта шешім шыққан соң.
Сот әкімшілік істі қарауды тамызда бастады. Судья істі қарауды ұзартып, оның жай-жапсарын қосымша нақтылау керек деді.
YDD Corporation сотта ТЖД қызметкерлеріне кедергі келтірді деген айыпты жоққа шығарды. Компания сот шешіміне әзірге түсініктеме берген жоқ. Тамызда төтенше жағдайды зерттеген арнайы комиссия негізгі кінә жұмыс берушіде деген қорытындыға келді. YDD Corporation комиссия қорытындысына да ешқандай пікір білдірген жоқ.
Билік сол кезде "кәсіпорында травматикалық факторлар әсерін болдырмау үшін шұғыл шаралар тиісті дәрежеде қабылданбаған, қауіпсіз еңбек жағдайлары мен қызметкерлердің ережелерді, нұсқаулықтарды және технологиялық тәртіпті сақтауын бақылау элементтері тиісті дәрежеде жасалмаған" деді. Арнайы комиссия қорытындысына дейін компания оқиғаны "штаттан тыс жағдай" деп атаған.
Полиция "Екі немесе одан көп адамның өліміне алып келген еңбек тәртібін бұзу" бабымен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған. Бірақ күдіктілер мен ұсталғандар туралы ақпарат әлі де ашық айтылған жоқ.
YDD Corporation құрылтайшылары қатарында Қазақстанға танымал адамдар бар. Атап айтқанда, бұрынғы мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің сыңары Ерлан Нығматулин. Нұрлан Нығматулин әр жылдары түрлі ықпалды қызметте болған адам: Нұрсұлтан Назарбаевтың билігі тұсында президент әкімшілігінің жетекшісі, Қарағанды облысының әкімі қызметтерін атқарды.
Қарағандыдағы зауыттың тағы бір құрылтайшысы – Жармұхамед Аппаз, ол Нұрлан Нығматулиннің құдасы, қазақстандық Forbes тізіміндегі кәсіпкер Дінмұхамет Ыдырысовтың ұлы. Қаңтар оқиғасынан кейін Нығматулин көптің алдына шыққан жоқ деуге болады. Қазақстандық БАҚ ол шетелге кетіп қалған деп жазған.