Ссылки доступа

Қырғызстан көк-бөрі федерациясы қазақ көкпаршыларын "Бірлік кубогына" шақырды


Қырғызстан көк-бөрі федерациясы Қазақстан көкпар федерациясының көкпаршыларын 1 қарашада Шолпан-Атада өтетін "Бірлік кубогына" шақырды. Бұл туралы 16 қыркүйекте көк-бөрі федерациясының басшысы Рамис Жүнүсәлиев хабарлады.

Ол қазақ көкпаршыларына шақырту жолданғанын айтты. Жүнүсәлиев қырғыз бен қазақ халықтарының достығын нығайтуға, сонымен бірге екі елге ортақ спорт түрін дамытуға мүдделі екенін мәлімдеді.

"Қырғызстан көк-бөрі федерациясы Қазақстан көкпар федерациясымен әріптестігін үзбейді. Көшпенділер ойынындағы келіспеушілік төрешілер қателігінен болды. Соған бола екі халық дауласпауы керек. Біз көк-бөрі жанкүйерлерінің бәрін бірлікке шақырамыз" дейді Жүнүсәлиев.

Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көкпар мен көк-бөрі ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар жеке-жеке өтті. Қырғызстан көк-бөрі құрамасы финалда Қазақстанды 10:4 есебімен жеңді. Ал көкпарда Қазақстан құрамасы ақтық сында Қырғызстан құрамасынан 5:4 есебімен басым түсті.

Көкпардағы финал кезінде дау шығып, соған байланысты ойын шамамен бір жарым сағатқа үзілді. Бірінші таймның 13-минутында қырғыз көкпаршылары 3:1 есебімен жеңіп жатқан уақытта қазақ көкпаршысы Ұлан Байтөреев қарсыласы Құбанычбек Сұлтан ұлын қамшымен салып жібергені мәлім.

Осы жағдай ойыншылар мен жанкүйерлердің ашуын туғызды. Содан кейін ойын бірінші тайм бітуге 6 минут қалғанда уақытша тоқтатылған. Финал аяқталғаннан кейін қырғыз көкпаршылары ойын әділет өтпегенін мәлімдеді.

XS
SM
MD
LG