Қазақстан көкпар федерациясы таратқан мәліметте команда 1 қарашада Шолпан-Атада өтетін жарысқа бара алмайтыны, себебі осы уақытта көкпаршылар басқа да маңызды жарыстарға дайындалатыны айтылған.
Қырғызстан көкпар федерациясының басшысы Рамис Жүнүсәлиев 16 қыркүйекте өткен баспасөз конференциясында қазақ көкпаршыларын Ыстықкөлдегі турнирге шақырған. Жүнүсәлиев қазақ пен қырғыз халықтарының достығын нығайтуға, екі халыққа ортақ ұлттық спортты дамытуға мүдделі екенін айтқан.
Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойынында Қазақстан құрамасы финалда Қырғызстанды 5:4 есебімен жеңген.
Ақтық ойын кезінде дау шығып, ойын шамамен бір жарым сағатқа тоқтағаны мәлім. Бірінші таймның 13 минутында қырғыз көкпаршылары 3:1 есебімен жеңіп жатқан уақытта Қазақстан құрамасының ойыншысы Ұлан Байтөреев қырғыз көкпаршысы Құбанычбек Сұлтанұлын қамшымен салып жіберген.
Осы жағдай ойыншылар мен жанкүйерлердің мазасын қашырған. Соған байланысты ойын бірінші тайм аяқталарға 6 минут қалғанда уақытша тоқтаған, бірақ қайта жалғасқан. Финалдан кейін қырғыз көкпаршылары ойын әділ өтпегенін мәлімдеген.