Ссылки доступа

Жоғарғы сот: мектепте оқушыларға орамал тағуға салынған тыйым жойылған жоқ


Қазақстан Жоғарғы соты ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде оқушыларға мектепте орамал тағуға рұқсат етілді деп таралған мәліметтің жалған екенін хабарлады.

24 қыркүйекте қарағандылық құқық қорғаушы Жаслан Айтмағанбетов Жоғарғы сот оқушыны жақтап шыққанын айтқан.

"Жоғарғы сот облыстық сот шешімін жойып, мұндай шектеу білім алу құқығын бұзады деп таныды" деп жазған Айтмағанбетов Instagram желісіндегі парағына.

Жоғарғы соттың баспасөз қызметі 26 қыркүйекте мәлімет таратып, әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы қараған іс аясында білім мекемелерінде орамал тағуға салынған тыйымның қаншалықты заңды екені қаралмағанын ескертті. Кассациялық инстанция мектептің оқушыны сабаққа кіргізбей қойғанын заңсыз деп таныған, себебі білім алу құқығы азаматтардың басты конституциялық құқықтарының біріне жатады, деп хабарлады Жоғарғы соттың баспасөз қызметі.

Сот мәліметінше, орта білім беру мекемесінде оқушы формасына қойылатын талапты бекіту тиісті министрлік құзыретіне кіреді. Министрдің мектеп формасына қатысты қаулысы жойылмаған, заңсыз деп танылмаған.

Құқық қорғаушы Жаслан Айтмағанбетовтің айтуынша, Батыс Қазақстан облысында оқушы қызды орамал таққаны үшін мектепке кіргізбей қойған. Оқушының білім алу құқығын бұзу ісі Жоғарғы сот алқасында қаралған. Дәл осыған ұқсас оқиғалар Алматы, Қарағанды, Павлодар және Түркістан облыстарында болған. Құқық қорғаушының айтуынша, облыстық соттардың бәрі орамал таққан оқушы құқығы бұзылды деп таныған.

2016 жылы білім және ғылым министрі білім мекемелерінде дінге қатысы бар киім киюге тыйым салатын қаулы қабылдаған. Содан кейін ислам дінін берік ұстанатын отбасыларда орамал таққан оқушы қыздарды сабаққа кіргізбей қою оқиғалары жиілеп кеткен. Қазақстанның түрлі өңірлеріндегі соттарда мектепте хиджаб киге қатысы бар даулы істер қаралған.

Орамал дауы мектептерде ғана емес, колледждерде де жиі шығып тұрады.

XS
SM
MD
LG