Ссылки доступа

Қырғызстанда прокурор 11 журналисті 6 жылға соттауды сұрады


Прокурор Temirov LIVE, "Айт, Айт десе", "Арча Медиа" және "ПолитКлиники" жобаларының қазіргі және бұрынғы журналистерін алты жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

11 журналистің ісі Бішкектің Ленин аудандық сотында қаралып жатыр. Соттың 26 қыркүйектегі отырысында мемлекеттік айыптаушы іске қатысты ұстанымын жеткізді. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісі хабарлады.

Бұған қоса, прокурор үйқамақтағы журналистерді де қамауға алуды сұрады. Соттың бейсенбідегі отырысында тәуелсіз сараптама жүргізген маман сөйлеуі тиіс болған. Алайда маман сотқа келмегендіктен тараптар сөз жарыстыруға көшті.

Милиция Temirov LIVE және "Айт, Айт десе" жобаларының қазіргі және бұрынғы журналистерін биыл қаңтардың ортасында ұстаған. Кейін ІІМ оларға "билік өкілінің заңды талабына бағынбады, азаматтарды жаппай тәртіпсіздікке үндеді" деген айып тақты. Айта кетерлік жайт, ұсталған уақытта журналистердің көбі Temirov LIVE жобасында жұмыс істемеген.

Қылмыстық іс қозғауға "Айт, Айт Десе" және Temirov LIVE жобалары жариялаған материалдарға жасалған сараптама қорытындысы негіз болған. Temirov LIVE жобасының негізін қалаушы Болот Теміров журналистердің ұсталуын оның тобының кәсіби қызметімен байланыстырды.

Бірнеше айдан кейін сот күдіктілердің бірқатарын қамаудан босатты. Алайда Махабат Тәжібек қызы, Азамат Ишенбеков, Ақтілек Қапаров пен Айке Бейшекеева әлі қамауда отыр. Тамыздың басында сот оларды қамауда ұстау мерзімін 2 қазанға дейін созған.

XS
SM
MD
LG